Шымкентте радиофобия кесірінен интернет сапасын жақсарту мүмкін болмай тұр

Шымкентте интернет сапасын жақсарту мәселесі әлі де өзекті.

Мамандардың айтуынша, бұған тұрғындардың бір бөлігінің радиофобияға байланысты базалық станцияларды орнатуға қарсылық білдіруі себеп болып отыр. Жүргізілген тексеру нәтижесінде байланыс сапасы төмен 14 аймақ анықталған. Алайда жаңа базалық станцияларды орнату бастамаларына кейбір азаматтар денсаулықтарына зиян келеді деген қауіппен қарсы шығып отыр. Ал жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, қала халқының басым бөлігі керісінше интернет пен байланыс сапасын жақсарту үшін цифрлық инфрақұрылымды дамыту қажеттігін сұрайды. 

Шаһардағы шағын аудандардың бірінде тұрғындар мен байланыс операторы арасындағы түсініспеушілік шешімін таппай тұр. Жұртшылық тұрғын үй маңына базалық станцияның орнатылуына үзілді-кесілді қарсы. Олар антеннадан бөлінетін радиотолқындар денсаулыққа қауіп төндіріп, созылмалы аурулардың қозуына әсер ететінін айтады.

Бекзат Құрманов, қала тұрғыны:

- Мен оның маманы емеспін. Бірақ маманы болмасақ та білеміз оның зиян екенін. Интернетке кірсеңіз жазып қойған зияндығын. Қанша градуста болуы керек, терезеге жақын болмауы керектігін. 1 жылдан бері осы жерде тұратын көршілердің бәрі қарсымыз.

Алайда байланыс операторлары тұрғындардың бұл уәжін негізсіз деп санайды. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, базалық станциялар міндетті мемлекеттік сертификаттаудан өткен. Сондай-ақ олардың қуаты да санитарлы-эпидемиологиялық нормалардан аспайды.

Бақытжан Сандыбаев, байланыс операторының бас маманы:

- Белый пятно бойынша 2025 жылы бізге әкімшіліктің берген списогында осы адрес болатын. Пример ретінде істеп тұрған антенналардың видеоларын, басқа объектінің СЭС заключениесін, электромагниттік өріс қаншалықты нормадан аспайтытынын түсіндірдік. Бірақ сонда да тұрғындар өздерінің айтқанынан қайтпай антеннаны орнатпай жатыр. 

Ұлттық сараптама орталығының өңірдегі өкілдері арнайы зертханалық талдау жүргізді. Электромагниттік өрістің деңгейін өлшеп, оның қоршаған ортаға әсерін тексерді. Сынақ қорытындысы бойынша радиотолқын қуаты рұқсат етілген шекті нормадан бірнеше есе төмен екені анықталды.

Аида Қасымбекова, Ұлттық сараптама орталығының бөлімше маманы:

- Өлшеу барысында 3 микроватт сантиметр квадрат шықты. Негізі нормасы 10 микроватт сантиметр квадрат. Бізде мұндай арыз-шағымдар тұрғын үй аймақтарында көптеп түседі. Арыз-шағым бойынша біз осы құралмен өлшейміз. 

Мамандардың айтуынша, заманауи базалық станциялар халықаралық стандарттарға сай. Олардың сәулесі тіпті тұрмыстық техникалардан аспайды. Сондықтан «радиофобиядан арылмай, сапалы интернет пен тұрақты байланысқа қол жеткізу мүмкін емес» дейді жауаптылар.

Мұхит Кемелов, қалалық цифрландыру басқармасының басшысы:

- Базалық станциялар мобильді операторлармен көбісі демонтажға кетті. Не үшін!? Ол жердегі басты себептің бірі радиофобия. Бізде даже жеке сектордың өзінде де қойылған кейбір базалық станциялардың өзіне радиофобия көбейген. Бұл өз кезегінде қаланың байланыс сапасының дамуына осы осал аймақтармен күресуге ең үлкен кедергілердің бірі болып табылды.

Басқарма өкілдері тарапынан байланыс операторына осы 14 осал аймаққа жаңадан базалық станса орнатуға нұсқау берілген. Сонымен қатар қала аумағын 2027 жылға дейін 5G жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісімен қамту жобасын жүзеге асыру тапсырылды. Қазір бұл көрсеткіш небәрі 75% ғана. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов