Су ресурстары қашықтан басқарылады
Су ресурстарын басқару жеңілдейді. Мамандар енді кабинеттен шықпай-ақ цифрлық жүйе арқылы бақылай алады.
Тіпті әрбір агроқұрылымның су тұтыну көлемін тексере алады. Биыл 283 канал автоматтандырылады. Сондай-ақ салада білікті кадрлар даярлауға басымдық беріліп жатыр.
Елдегі су ресурстары қашықтан басқарылады. Енді мамандар кабинеттен шықпай-ақ, шалғайдағы шаруалардың су тұтыну көлемін бақылай алады. Гидронысандар, өзен-көлдер, тіпті жерасты су қорына қатысты мәліметтер де ұлттық ақпараттық жүйеге енгізіліп жатыр. Бұл платформа осы жазда іске қосылады. Сонымен қатар тұтынушылар мен Қазсушар арасындағы құжаттар электронды форматқа көшіріледі. Яғни су пайдалануға өтінім беруден бастап төлем жасауға дейінгі аралық цифрлық бақылауға алынады. Қазір тұтынушылар үшін қай кезеңде және қандай бағытта қанша текше метр су қажет болатынын алдын ала анықтау тәртібі де қарастырылып жатыр. Бұл шаруаларға ғана емес, ірі өнеркәсіптік және коммуналдық кәсіпорындарға да қатысты. Осы арқылы су ресурстарын үнемдеу және саланың ашықтығын қамтамасыз ету көзделген.
Қайратғали Хайрулла, «Су ресурстары ақпараттық- талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы:
- Суды алуға арнайы рұқсатты да осы жүйе арқылы алады және ол суды пайдаланғаны туралы есепті де осы жүйе арқылы су пайдаланушылар беретін болады. Соның негізінде судың балансы құрылады. Мұның бәрі бұрын қағаз жүзінде болды. Қазіргі таңға дейін барлық есеп қағаз жүзінде беріліп отырды. Бәрі кестелерді толтырып отырды, ол орталыққа беріліп отырды. Оған үлкен ресурстар, қаншама уақыт кетті және стандартталмаған болды.
ЖИ су мамандарының көмекшісі атанады
Жасанды интелект су мамандарының көмекшісіне айналады. Соның ішінде гидронысандар мен трансшекаралық өзендерге нейрожелі ғарыштан мониторинг жүргізеді. Су айдындарының ауданы, ағыс пен су жинау қарқыны автоматты түрде бақыланады. Жауапты министрлік пен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы ғарыштан түсірілген материалдарды осы мақсатта пайдалану, спутниктік деректерді өңдеу және мониторинг құралдарын дамыту бойынша ынтымақтастық жүргізіп жатыр. Қазақстан үшін бұл өте маңызды, дейді мамандар. Өйткені су ресурстарының едәуір бөлігі трансшекаралық сипатқа ие.
Биыл 283 канал автоматтандырылады. Мұны Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов мәлімдеді. Оның айтуынша, тиісті жұмыстар басталып кеткен. Тізімдегі каналдардың барлығы елдің оңтүстік аймағында орналасқан. Жобаларды жүзеге асыру барысында отандық өнімдердің үлесі артып келеді. Бұл өзіміздің тауар өндірушілерімізді қолдап, импортқа тәуелділікті азайтуға жол ашады. Сонымен қатар білікті кадрлар даярлауға басымдық беріліп жатыр. Қазірге дейін елдегі 8 білім ордасында осы саланың мамандары даярланса, алдағы жаңа оқу жылынан бастап олардың қатарына тағы 2 колледж қосылады. Олар Маңғыстау мен Қарағанды облыстарында орналасқан.
Қайратғали Хайрулла, «Су ресурстары ақпараттық- талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы:
- Одан бөлек, министрлікке бағынышты мекемелердің қызметкерлері басқа мемлекеттердің тәжірибесін меңгеру және үйрену мақсатында шетелге барып жүр. Мысалы, өткен жылы Қытайға 125 қызметкер барып, оқыту курстарынан өтті. Бұдан бөлек, Еуропа елдеріне де барып жатыр, сондай-ақ Сингапурға баруға дайындалып жатырмыз. Мұның барлығы озық технологияларды Қазақстанға енгізу мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Биыл 283 канал автоматтандырылады
Қызылорда облысындағы күріш алқаптарына отандық автоматтандырылған су есептеу құрылғылары орнатылып, сынақтан өткізіліп жатыр. Жобаны Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қолға алды. Жаңа құрылғылар каналдың жеті учаскесіне қойылған. Бұл тұтынылған судың көлемін дәл есептеуге тиіс.