Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді
Қазақ тілінің қолданысы кеңейіп, төл тіліміздің тұғыры беки түсті. Ақпарат айдынында ана тіліміздің үлесі артып келеді.
Бұл жайлы өткен аптада үкімет жанынан құрылған кеңесте айтылды. Сондай-ақ жаңа медиа мен ақпараттық технологиядан да қазақ тілі қалыс қалып жатқан жоқ.
Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі онлайн-контенттің үлесі 78%-ға жетті. Ал Мемлекеттік тілдегі интернет-ресурстардың үлесі 60%-ды құрайды. Сонымен қатар отандық телевизиялық өнімдердің 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілде көрерменге тарап жатыр. Бұл жайлы Үкімет жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Дегенмен босансуға болмайды. Келелі кеңес төл тіліміздің таралу аймағын одан әрі кеңейтуге міндетті. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл саясаты талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ қазақ тіліндегі контенттің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар міндеттер жүктелді.
Онлайн-контент - 78%
Интернет-ресурс - 60%
Телевизиялық өнімдер - 70%
Сонымен қатар Заманауи технологиялардан да қазақ тілі қалыс қалмақ емес. 900 млн қолданушысы бар GhatGPT-де төл тіліміз "Ең тез дамып келе жатқан тіл" ретінде танылды. Бұл жайлы OpenAI компаниясының директоры Сара Фрайар мәлімдеді. Ол ең жылдам дамып, өсіп келе жатқан - әзербайжан мен қазақ тілдері,- деді.
Сара Фрайар, OpenАІ компаниясының директоры:
- ChatGPT-ді апта сайын 900 млн-нан астам адам қолданады. Жақында біздің экономикалық зерттеу тобы қызық мәлімет көрсетті. ChatGPT қолданушылары көбейіп келе жатқан құрлық – Африка. Ал ең күннен-күнге сұраныс артып келе жатқан тілдердің қатарында қазақ және әзербайжан тілдері бар. Бұл - шынымен де таңғаларлық көрсеткіш.
Жаһан жұртының қажетіне жараған жобада төл тіліміздің дамып, қолданушы қазақстандықтардың қатары артып келе жатқандығын мына сандарға қарап байқасақ болады. GhatGPT-ді әзірлеуші компания ел қазынасына 1,8 млрд теңге салық төлеген. Бұл жайлы Мемлекеттік кірістер комитетінің Цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов мәлімдеді.
Талғат Әділов, Мемлекеттік кірістер комитетінің Цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы:
- Егер ірі сомалар туралы айтатын болсақ, ChatGPT платформасы 2025 жылы төленбеген салықтар бойынша 1,8 млрд теңге көлемінде қосымша салық төледі. Ал AliExpress Қазақстан бюджетіне 600 млн теңгеден астам сома аударды.
Қазақ тілін білу қазақстандықтармен қатар елге көшіп келуге ниетті шетелдіктерге де міндеттеледі. Қазақ даласына тұрақты тұрамын дегендерге енді мемлекеттік тілді В2 деңгейінді меңгеру керек. Бұл дегеніңіз ана тілді 70 пайызға ұғынып, сөйлей алуы тиіс деген сөз. Сонда ғана азаматтық алып, қазақ даласына тұруға құқылы. Бұрын бұл норма А1 деңгейінде ғана талап етілетін еді.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы