Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлік белгілері бар тұлғаларға хат жолдай бастады

Фото: depositphotos.com

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдың I тоқсанындағы банктік операциялары бойынша кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері анықталған жеке тұлғаларға ақпараттық хаттар жолдай бастады, деп хабарлайды «24KZ».

Мұндай хаттар бір мезгілде бірнеше талапқа сай келетін азаматтарға жіберіледі. Атап айтқанда, жеке банк шотына қатарынан үш ай бойы ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түсуі, шоттың кәсіпкерлік қызметке арналмауы және осы кезеңдегі жалпы түсімнің 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен асуы ескеріледі.

МКК мұндай хат азаматтың жауапкершілікке тартылғанын білдірмейтінін атап өтті.

Хат ақпараттық-түсіндіру сипатында жолданады және салық заңнамасының талаптарына сәйкес өз қызметін өз еркімен ретке келтіруге мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді комитет.

Егер хат алған азамат іс жүзінде кәсіпкерлік қызметпен айналысса, оған жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, алған табысын салық есептілігінде көрсетіп, тиісті салықтарды белгіленген мерзімде төлеу қажет.

Табысты декларациялау тәртібі салық төлеушінің мәртебесіне байланысты өзгереді. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтар табысын 2026 жылға арналған 270.00-нысан бойынша декларацияда көрсетуі тиіс. Ал жеке кәсіпкерлер қолданатын салық режиміне қарай 220.00 немесе 910.00-нысан бойынша есеп береді.

Егер жүргізіліп отырған қызмет кәсіпкерлікке жатпаса немесе хатқа қатысты сұрақтар туындаса, азаматтар 1414 байланыс орталығына немесе мемлекеттік кірістер органдарына жүгіне алады.

МКК салық міндеттемелерін уақытында орындамаған жағдайда камералдық бақылау нәтижесінде анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлама жолданатынын ескертті.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз