Таразда «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы өтті
Жамбыл облысында жыл басынан бері 254 өрт болған.
4 адам мерт болып, 2 адам зардап шекті. Тілсіз жаудан келген материалдық шығын 28 миллион теңгеден асты. Өрттің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар қызметі түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Облыс орталығында оқушыларға арналған «Қауіпсіз балалық шақ!» акциясы өтті. Мамандар балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін, судағы қауіпсіздік талаптарын және төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібін түсіндірді.
Жазғы демалысқа қарамастан мектепке оқушылар көп жиналды. Мұнда төтенше жағдайлар қызметкерлері «Қауіпсіз балалық шақ» іс-шара ұйымдастырды. Оқушыларға өрт сөндіретін құралдарды пайдалану жолдары, төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәртібі және суға батқан адамға алғашқы көмек көрсету тәсілдерін көрсетті.
Ернұр Ихраров, ТЖ жағдайларды жою басқармасының инженер-лейтенанты:
- Жамбыл облысы аумағында жедел құтқару жасағы тәуліктік кезекшілік атқару барысында, 2 азамат суға батып бара жатқан жерінен құтқарылып, оларға дәрігерге дейін алғашқы көмек көрсетілді. Істелінген іс-шаралардың нәтижесінде өткен жылы және ағымдағы жылдың басынан бері судағы қайғылы оқиғалар тіркелген жоқ.
Өрт шыққан жағдайда не істеу керек? Сіріңкемен ойнаудың соңы неге әкеледі? Және төтенше жағдай кезінде қайда қоңыру шалу қажет? Мұның барлығы балаларға жан-жақты түсіндірілді. Мамандар шомылу маусымындағы қауіпсіздікке де ерекше назар аударды. Олар су айдындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылап, күн сайын рейд өткізеді. Айта кетсек, Тараздың өзінде шомылуға рұқсат етілген орын жоқ. Осыған байланысты өзен-көлдердің жағалауларына тыйым салатын белгілер орнатылған.
Інжу Төрегелді, оқушы:
- Бізді өрт сөндіргіштер су шашты және де өрт сөндіру кезінде қалай өзінді қорғануды үйретті және де өрт сөндіргіш құралды қалай қолданатының көрсетті.
Мектеп ауласында төтенше жағдайлар департаментінің арнайы техникасы мен құрал-жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Оқушылар арнайы көліктерді сырттай тамашалап қана қоймай, ішіне отырып, жақыннан көрді. Ал құтқарушылар балаларға өрт сөндіру шлангімен су шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Қауіпсіз балалық шақ» секілді шаралар балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретеді, дейді мамандар.
Карина Хаберова, Анастасия Сүлейманова, Тимур Сейілхан