Шахматтан «Senat Open 2026»  ашық кубогі өтті

Астанада шахматтан «Senat Open 2026» ІІІ ашық кубогінің финалы өтті. 

Биыл бұл сайыстың іріктеу кезеңінде барлық өңірден 8 мыңнан астам әуесқой шахматшы бақ сынады. Турнирге дәрігер, ұстаздар, БАҚ өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, Парламент және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты. Палатаның ашық кубогіне қатысқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған жарыс Қазақстанда шахматтың тек кәсіби спорт емес, бұқаралық интеллектуалды ойынға айналып келе жатқанын тілге тиек етті.  Сондай-ақ ол мұндай турнирлер бұл ойын түрін өңірлерде дәріптеуге серпін беретін маңызды тетік екенін айтты. Палата Спикері аталған бағытты дамыту Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін де жеткізді. «Senat Open» турнирінің тарихы небәрі үш жылды құрағанымен ол Қазақстанның біртұтас шахмат экожүйесінде өзіндік орны бар беделді додаға айналды. Жыл өткен сайын сайысқа қатысушылар саны тұрақты түрде артып келеді. Ал жарыс нәтижесінде өңірлік командалар арасындағы үздіктерге 20 кіші кубок табысталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Бұл ретте шахматтың маңызы зор. «Senat Open» турнирі осы бағыттағы бастамаларды, жалпы шахматты кеңінен насихаттау үшін қолға алынды. Үш жыл ішінде сайыс айтарлықтай қалыптасып үлгірді. Биыл алғаш рет жарыс 1/8 финалдан бастап, бүгінгі шешуші бәсекеге дейін толық төрт кезең бойынша ұйымдастырылды. Солтүстік, Оңтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс аймақтарда өткен бес жартылай финал еліміздің барлық өңірін қамтыды. Бүгінде бұл турнир жалпыұлттық қозғалысқа айналды деп айтуға толық негіз бар. Шахмат тақтасында кездейсоқ жеңіс болмайды. Мұнда стратегиялық ойлау, табандылық және бірнеше жүрісті алдын ала есептей білу шешуші роль атқарады. Дәл осындай қасиеттер қазіргі таңда қоғамның барлық саласында қажет екені белгілі. Сондықтан бүгінгі «Senat Open 2026» турнирі елімізде шахмат қозғалысын одан әрі дамыту жолындағы маңызды оқиға болады деп сенемін.