Алматыда 200 офицер шекара академиясын аяқтады
Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметі 200 жас офицермен толықты. Түлектерді шығарып салу рәсімі Алматыдағы шекарашыларды дайындайтын академияда өтті.
Әскерилер қатарында Қырғызстан мен Тәжікстанның 17 азаматы бар. Олар төрт жыл бойы халықаралық бағдарлама аясында білім алды. Шетелдік курсанттар енді өз мемлекеттерінде қызмет атқарады. Шара дәстүрлі офицерлер вальсімен басталды. Осы оқу орнында тәрбиеленіп жатқан курсанттар көпшілікке жауынгерлік өнерін паш етті. Білім ордасы басшылығының айтуынша, офицер шенін алған әскерилер елдің шекара шебіне жіберіледі. Биыл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясына 90 жыл толады.
Павел Поливанов, ҚР ҰҚК Шекара академиясының бастығы:
- Бұл академия тарихындағы 119-шы бітіру салтанаты. Тәуелсіздік алғалы 35-ші түлектер легі десем болады. Академияны жыл сайын 200-ге жуық шекарашы тәмамдайды. Мен жас офицерлер еліне адал әрі абыроймен қызмет етеді деп сенемін.
Айбын Алтынбек, ҚР ҰҚК Шекара академиясының түлегі:
- Офицер болуды бала күнімнен армандадым. Себебі қару-жараққа, жалпы қаруға, жас күнімнен қызықтым. Офицер шені мен үшін үлкен қуаныш және абырой. Үлкен жауапкершілік. Өйткені мен офицер атағын алғаннан кейін сол атаққа лайық үлгілі азамат болуым керек.