«Жасыл ел» жасағы жұмысын бастады
Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін былтыр пилоттық негізде қолға алынған жоба бүгінде 150 адамды біріктіріп отыр.
Жастар ерікті түрде еңбекке араласып, жеке аулаларды тазартып, абаттандыруға үлес қосады. Бұл бастама ерекше балалардың әлеуметтік бейімделуіне қаншалықты әсер етеді?
Инклюзивті жасақтың жұмыс күні екі сағатқа ғана созылады. Олар ата-анасының не қамқоршысының бақылауында аулаларды тазартады. Максим Яковлев – басынан осы жобаға қатысушылардың бірі. Анасы Лада Яковлеваның айтуынша, былтыр пилоттық топтың құрамында болған ол биыл жасақтың белсенді мүшесі айналған.
Лада Яковлева, қала тұрғыны:
- Оған өте ұнайды. Осы ортамен араласқаннан бері бойында оң өзгерістер байқалады. «Жасыл ел» бағдарламасының келер жылы да жұмыс істегенін қалаймыз.
Жеке инклюзивті жасақ құру идеясы аяқасты пайда болған жоқ. Ұйымдастырушылар екі жыл бойы ерекше балалардың бұл жобаға қызығушылығын бақылап көрді. Қазір олардың қатары 150-ге жеткен. Руслан Сиралинов жасаққа табыс табу үшін ғана емес, жаңа достармен кездесіп, жақын танысу үшін келгенін айтады.
Руслан Сиралинов, «Жасыл ел» инклюзивті жасағына қатысушы:
- Бұл – дамуында ауытқуы бар жандар үшін үлкен мүмкіндік. Олардың ортаға бейімделіп, әлеуметтенуі үшін таптырмас жоба. Бір жағынан қала тазалығына үлес қосамыз. Оқып, жұмыс істеу арқылы ересек өмірге дайындаламыз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша жоба нәтижесі күткендегіден асып түсті. Жеткіншектердің құлшыныс, белсенділігі жоғары. Сондықтан келер жылы сарбаздардың санын көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықты сұрыптау, өсімдіктерді баптау сияқты жаңа жұмыс бағыттарын қамту жоспарда бар.
Ләззат Ақылжанова, қала әкімінің орынбасары:
- Жұмыс кестесі баланың заңды өкілімен келісіледі. Біз биыл «Жасыл ел» жасағын күнделікті өздері ойнап, демалатын жеке аулаларын тазартуға тартып отырмыз.
Биыл Қарағанды облысындағы «Жасыл ел» жасағаның құрамына 2 мың жас алынды. Олар жаз бойы саябақ, аулаларды абаттандырып, түрлі тренинг, экологиялық шараларға қатысады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев, Аман Хамит