Жамбыл облысында 190 мың оқушы тегін демалады

Жамбыл облысында 190 мыңнан астам оқушы сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлерде тегін демалуға мүмкіндік алды. 

Жазғы демалыс орындары маусым айының алғашқы күндерінен жұмысын бастады. Күн сайын оқушылар үшін түрлі танымдық, спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылады. Өңірде барлығы 12 қала сыртындағы лагерь болса, қазір олардың жартысы жұмыс істеп тұр.

Бұрынғы Президент резиденциясы аумағындағы «Мөлдір бұлақ» сауықтыру лагері биыл үшінші жыл жұмыс істеп тұр. Мұнда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары мен оқу озаттары демалады.

Салтанат Құрманова, оқу-сауықтыру орталығының директоры:

- Бізде баланы сауықтыру бойынша медициналық қызметкерлер барлығы жұмыс істейді, дәрігер бар. 24/7 балалардың қасында табылып, балалардың қауіпсіздігіне, денсаулығына жауап береді. 

Қазір лагерьде 80 бала бар. Олар ұлттық спорт түрлерімен шұғылданып, шығармашылық үйірмелерге қатысады. Жүзуді меңгеріп, түрлі танымдық ойындар ойнайды.

Сәлидат Рахметіллә, оқушы:

- Мен осы лагерьге келгеніме өте қуаныштымын. Осы лагерьге екінші рет келе жатырмын. Маған өте қатты ұнап жатыр. «Мөлдір бұлақтың» табиғаты ұнайды және де жататын жерлері, тамақтары өте дәмді. Осы «Мөлдір бұлақта» мен өте көп жаңа дос таптым.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға облыс бюджетінен 660 миллионнан астам теңге бөлінді. Бұл сомаға 190 мың бала демалады. Дегенмен қала сыртындағы 12 сауықтыру лагерінің 6 ғана жұмыс істеп тұр.

Еркебұлан Таткеев, Білім басқармасының бөлім басшысы:

- 208 мыңнан астам оқушы немесе балалардың 98%-ы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамытылған. Қазіргі таңда 191 мыңнан астам немесе 87 түрлі демалыспен қамтылып жатыр.

Жамбыл облысында жұмыс істеп тұрған қала сыртындағы алты лагерьде 15 мыңнан астам оқушы тегін демалады. Балалар жаңа оқу жылына дейін денсаулығын нығайтып, күш жинайды. Жазғы сауықтыру маусымы 25 тамызға дейін жалғасады.

Авторлары: Карина Хаберова, Анастасия Сүлейманова, Тимур Сейілхан