Алматының бас жоспары талқыланды
Алматыда 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспар жобасының экологиялық талқылауы өтті.
Бұл құжат қаланың алдағы уақытта қалай дамитынын айқындайды. Жаңа жоспарда қала экологиясына баса назар аударылды. Жаңа құжат ауаны тазарту және жасыл желекті сақтауды көздейді.
Қоғамдық талқылауда ауа сапасын арттыру мәселесіне баса назар аударылды. Жаңа құжатты дайындау кезінде алғаш рет арнайы экологиялық зерттеу жүргізіліпті. Нәтижесінде экологияға кері әсер ететін себептер анықталған. Бас жоспарда мәселені шешу жолдары да қатар көрсетілген.
Гүлнар Жүнісова, сарапшы:
- Қаланың экологиялық жағдайы тек бізге байланысты емес. Оған қаланың орналасқан жері мен табиғаты да әсер етеді. Барлығымыз білетіндей, қаламыз тау етегінде, ойпатты жерде орналасқан. Осы жер бедеріндегі ерекшелік ауаның табиғи алмасуына кедергі жасайды. Бізде жел де аз соғады. Сол себепті де ауа тазармай бір орында тұрып қалады.
Жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, мегаполисте 733 мыңнан астам көлік тіркеуде тұр. Бұған шаһарға күнделікті сырттан келетін көліктерді қосыңыз. Ауадағы зиянды қалдықтардың 60 проценті көлікке тиесілі екен. Сол себепті жаңа бас жоспарда қоғамдық көлікті дамытуға ерекше көңіл аударылған. Мамандардың айтуынша, жоба тұрғындардың жеке көлікке тәуелділігін азайтады.
Ержан Диханбаев, Алматы қ. жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы:
- Біз бірінші кезекте қоғамдық көлікті дамытуды көздеп отырмыз. Ол қоршаған ортаға зиянсыз, жылдам әрі ыңғайлы болуы керек. Қоғамдық көлікпен қала мен облыс тұрғындары емін-еркін жүруі қажет. Сол себепті де жаңа Бас жоспарға үш үлкен көлік торабын енгізіп отырмыз.
Жаңа жобада көлік инфрақұрылымынан бөлек жасыл желекті қайта қалпына келтіру жоспарда бар. Сондай-ақ 2-жылу электр станциясы газға көшіріледі. Ал зиянды қалдық шығаратын кәсіпорындар тұрғын үй аудандарынан алыстатылып, өндірістік аймақ ұйымдастырылады. Мамандардың айтуынша, қоғамдық тыңдауда айтылған барлық ұсыныстар Бас жоспарда ескеріледі.
Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев