Резидентура бағасы шарықтады: Қазақстанда жас дәрігерлер мамандықтан бас тартуы мүмкін
Елімізде алдағы уақытта дәрігер тапшылығы туындауы мүмкін. Қазақстанда медициналық резидентураның оқу ақысы күрт қымбаттап кеткен. Бұған наразы болған жас дәрігерлердің әлеуметтік желіде білдірген пікірі қоғамда қызу талқыға түсті, деп хабарлайды «24KZ».
Жас дәрігерлер әлеуметтік желіде кейбір медициналық жоғары оқу орындарында резидентураның ақылы бөлімінің оқу ақысы жылына 2 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін өскенін айтақан.

Әлеуметтік желі қолданушылары оқу ақысының қымбаттауы жастардың медицина мамандығын таңдауға деген қызығушылығын төмендететінін айтады. Онсыз да дәрігер тапшылығы бар елімізде жас мамандардың жұмыс іздеп шетелге кетуі мүмкін деп алаңдайды. Олар,
"Мұндай қарқынмен алдағы жылдары медицинаға ешкім түспейді. 10 жыл оқуға 28 миллион теңге жұмсап, кейін 250 мың теңге жалақы алу тиімсіз"
"Дәрігер болу үшін онсыз да миллиондаған теңге жұмсалады. Мұндай жағдайда шетелде оқып, сол жақта қалған тиімдірек", деп жазған.
Осы жағдайға бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пікір білдірген.
Ол мұны денсаулық сақтау жүйесіндегі жүйелі мәселемен байланыстырады. Оның айтуынша, көптеген елде резиденттер студент емес, дәрігер ретінде жалақы алады, ал Қазақстанда олар оқу ақысын төлеуге мәжбүр.
Қоғам белсендісі, балалар тевропотологы Қайырғали Көнеевте те мәселеге бей-жай қарамайды. Оның айтуынша, 4 миллион теңге төлеген резиденттер үздік тәлімгерлерден білім алып, ең мықты клиникаларда тәжірибеден өтуі тиіс, дейді.
"Осынша қаражатты Қазақстанда оқуға жұмсағанша, талапкер Қытайға, Оңтүстік Кореяға немесе Түркияға барып, сапалы әрі кей жағдайда әлдеқайда арзан медициналық білім ала алады", – деді Қайырғали Көнеев.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады.
Ведомства өкілдерінің айтуынша, жыл сайын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары резидентурада оқу ақысының құнын тиісті оқу жылына қарай қайта қарайды. Бұл өзгерістер білім беру қызметтерінің құнын экономикалық жағдайларға сәйкестендіруге, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, медициналық кадрларды даярлауды жетілдіруге бағытталған.
Ал, 4 миллион теңге көлеміндегі оқу ақысы тек кейбір мамандықтарға ғана белгіленген.
Ол - пластикалық хирургия, дерматовенерология, урология, радиология, офтальмология және оториноларингология.
Бұл мамандықтар бойынша ақылы орындардың үлесі резидентураға жалпы қабылдаудың шамамен 5%-ын құрайды. Сарапшылар, бұл мамандық бойынша дәрігерлер көбіне жекеменшік клиникаларда жұмыс істейді және табысы жоғары болатынымен байланыстарады.