Алматы өзендеріндегі жағдайға байланысты ТЖМ мәлімдеме жасады
Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы гидрологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Қазіргі уақытта гидрологиялық жағдай тұрақты және ТЖМ-нің тұрақты бақылауында. Мамандар өзендердегі су деңгейіне және сел қаупі бар учаскелердің жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіп отыр.
Қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын ала кешенді профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылды. Халықты құлақтандыру, халықты қабылдау пункттерін дайындау және күштер мен құралдарды жоғары дайындық режиміне келтіру гидрологиялық жағдайдың ықтимал нашарлауына байланысты алдын алу мақсатында ғана жүргізілді. Наурызбай ауданында өзен арнасының бойында тұратын тұрғындарды эвакуациялау қажеттілігі туындаған жоқ.
Оқиға орнында ТЖМ-нің «Қазселденқорғау» мамандары жұмысын жалғастырып жатыр. Гидрологиялық жағдай мен сел қаупі бар учаскелерге үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатыр. ТЖМ күштері мен құралдары, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтері жоғары дайындық режимінде болып, жағдай өзгерген жағдайда жедел әрекет етуге дайын.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз