Қалдықты қайта өңдеу қарқыны артады
«Тұйық циклді экономика» тұжырымдамасына көшуге тырысу қажет.
Премьер-министр қалдықтарды өңдеу бойынша әлемдегі озық елдердің тәжірибесін мысал етті. Мәселен, Швецияда қоқыстың 1%-дан азы полигондарға түседі. Германияда тұрмыстық қалдықтардың 67%-дан астамы айналымға қайтарылады. Осы ретте бізге де үлгі алып, үдеден шығу міндеті тұр. Олжас Бектенов экология министріне қалдықтарды қайта пайдалану жобаларына тексеріс жүргізуді тапсырды. Бұған бір апта берілді. Сала министрі Ерлан Нысанбаев былтырғы жылды қорытындылап, баяндама жасады. Коммуналдық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30 пайыздан асқан. 2030 жылға қарай 40 пайызға, ал өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жарату 50 пайызға жету керек. Өткен жылы 3 мың 900-дей заңсыз қоқыстың 95 пайызы жойылған. Кәдеге жарату төлемі есебінен 374 млрд теңгеге 68 жоба мақұлданып, 12-сі пайдалануға берілген.