Елде волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді
Қоғам өміріне белсенді араласу құқығы енді Конституциямен реттелген. "Ерекше мерекелер" қоғамдық қорының президенті Ботагөз Игенбаеваның айтуынша, бүгінде кез келген адам еріктілер қозғалысына қосыла алады.
Оған бірыңғай платформа немесе өңірлердегі ресурстық орталықтар арқылы тіркелуге болады. Волонтерлік қызметтің дамуына қолданыстағы заң да ықпал етіп отыр. Бүгінде игі жобаларға қарымды жастармен қатар аға буын өкілдері де атсалысып, өз тәжірибелерімен бөлісетін болған. Мемлекет те волонтёрлік ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, жаңа бастамаларды бірлесіп талқылайды.
Ботагөз Игенбаева, «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорының президенті:
- Бұл волонтерлік ұйымдар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін жаңа кезеңнің бастауы деп ойлаймын. 2020 жыл бізге еріктілер мен волонтерлік ұйымдар қоғамның ажырамас бөлігі екенін, олардың елге тигізер пайдасы зор екенін көрсетті. Қазір мемлекет белсенді азаматтарға ерекше көңіл аударып отыр. Арнайы форумдар ұйымдастырылады, түрлі бастамалар қолға алынып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардағы жастар саясаты басқармаларымен бір үстел басында бас қосып, ортақ жобаларды талқылаймыз.