Қызылордада балалар тегін инсулин мен тест-жолақтарға қол жеткізе алмай жүр

Қызылорда облысында қант диабетінің бірінші түрімен ауыратын балалар, тегін инсулинге қол жеткізе алмай жүр.

Ата-аналардың айтуынша, емханаларда гормонмен қатар, қандағы глюкоза деңгейін анықтайтын тест-жолақшалар да жетіспейді. Олар қымбат дәрі-дәрмекті өз қаражаттарына сатып алуға мәжбүр. Тегін инсулин науқастарға қашан жетеді? 

Гүлзира Қайратқызының 14 жастағы ұлына "қант диабеті" диагнозы былтыр желтоқсан айында қойылды. Содан бері ұлын диетаға отырғызып, қандағы қантты үнемі бақылап отыратынын айтады. Мемлекет мұндай дертке шалдыққан науқастарды инсулин мен қандағы глюкозаны өлшейтін тест-жолақтарымен тегін қамтамасыз етеді. Бірақ неге екені белгісіз, жыл басынан бері қажетті дәрі-дәрмектер жергілікті емханаларда жоқ.

Гүлзира Қайратқызы, қала тұрғыны:

- Тест-жолақтар, инелер, глюкометр - ондайды мүлдем бермейді. Қаңтар болса, ақпан дейді. Ақпан болса, наурыз дейді. Осымен 6 ай болды, әлі алысып келе жатырмыз. Бала үшін тест-жолақтар маңызды. Оны бала қиналмас үшін емханадан сатып алып отырмыз.

Ата-аналар үшін қажетті дәрілік заттарды сатып алу қалтаға оңай соқпайды. Тест-жолақтары болмаса қандағы қант мөлшерін анықтау мүмкін емес. Ал инсулиннің болмауы - тіпті қорқынышты. 11 жастағы ұлына күтім жасап отырған Малика Бауыржан "емханаларға қажетті дәрілердің уақытылы жеткізілмеуі қалыпты жағдайға айналып бара жатыр" деп алаңдайды.

Малика Бауыржан, қала тұрғыны:

- Ай сайын бізге қажетті инсулин мен сорғы құралдарды келесі айда болады ма, болмайды ма деген уайымменен күтіп отырамыз. Өте қиын бізге. Чатымыз бар, сондағы ата-аналардан сұрап аламыз, болмаса басқа емханалардан сұрастырып аламыз. Балаға инсулинсіз өте қиын.

Өңірде 10-нан аса отбасы осындай жағдайға тап болып отыр. Ата-аналардың айтуынша, кей аудандарға дәрі-дәрмек өткен жылдың соңынан бері жеткізілмеген. Бұл - үздіксіз емді қажет ететін балалардың денсаулығы мен өмірі үшін өте қауіпті. Ал осыған тікелей жауапты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары өңірдегі күрделі жағдайға қатысты жауап беруден бас тартты. Қажетті дәрі-дәрмектердің қашан жеткізілетіні де белгісіз. Әзірге ата-аналарға қант диабетімен ауыратын балалардың өмірін сақтап қалатын қымбат дәрілерді өз қаражаттарына сатып алудан басқа амал жоқ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Райхан Тажибаева, Акан Алиев