Демалыста қазақстандықтар қайда барды? Ең көп көлік жүрген бағыттар анықталды
Өткен демалыс күндері қазақстандықтар ел ішінде автокөлікпен жиі саяхаттаған. Үш күн ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 3,9 млн-нан астам көлік қозғалысы тіркелді, деп хабарлайды «24KZ».
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, бұл көрсеткіш нақты туристер санын білдірмейді. Дегенмен мереке күндері қай бағыттарда көлік қозғалысы көп болғанын көрсетеді.
Ең көп пайдаланылған бағыт – Шымкент – Қызылорда аралығы. Үш күнде бұл жолмен 442 мыңнан астам көлік өткен.
Екінші орында Астана – Щучинск бағыты тұр. Аталған учаскеде 386 мыңнан астам көлік қозғалысы тіркелген. Бұл Бурабай курорттық аймағына демалушылар ағынының жоғары болғанын көрсетеді.
Үздік үштікке Тараз – Қайнар бағыты енді. Мұнда 324 863 көлік жүрген. Сонымен қатар Шымкент – Тараз бағытында 303 800, Шымкент – Өзбекстан шекарасы жолында 269 750 көлік қозғалысы болған.
Алматы маңындағы бағыттар да сұранысқа ие болды. Алматы – Қонаев учаскесінде 306 966 жол жүру тіркелсе, Алматы – Қорғас бағытында 197 499, Қонаев – Талдықорған жолында 194 119 көлік қозғалысы болған.
Шығыс және солтүстік бағыттарда да көлік ағыны жоғары болды. Павлодар – Семей – Қалбатау учаскесінде 198 930, Астана – Теміртау бағытында 227 477, Астана – Павлодар жолында 217 888 көлік тіркелді.
Жалпы, ең үлкен көлік ағыны оңтүстік және оңтүстік-батыс бағыттарға тиесілі болды. Бұл бағыттарда 1,5 млн-нан астам жол жүру тіркеліп, жалпы көрсеткіштің шамамен 40 пайызын құрады. Астана мен солтүстік өңірлер бағытында 957 мыңға жуық, ал Алматы бағыты бойынша 735 мыңнан астам көлік қозғалысы болған.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш қазақстандықтардың ішкі туризм кезінде жеке көлікті жиі таңдай бастағанын аңғартады. Жаз мезгілінде тұрғындар табиғат аясындағы демалыс орындарына, су жағасына және курорттық аймақтарға көлікпен баруға көбірек көңіл бөлініп отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз