Елде орташа айлық табыс ₸252 мың асты
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 252 619 теңгеге жетті.
Көрсеткіш былтырмен салыстырғанда шамамен 12 пайызға жоғары. Бұл жайлы Ұлттық статистика бюросы хабарлайды. Жыл басынан бері жылдық инфляция деңгейі тұрақты баяулап, маусымда 10,3 пайызға төмендеді. Ал орташа жалақы 9,1 пайызға өсті. Ең жоғары өсім ауыл шаруашылығы, қаржы және сақтандыру, өңдеу өнеркәсібі, көлік пен қоймалау салаларында тіркелді. Ұлттық экономика министрлігі халықтың нақты табысын тұрақты арттыру Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ол үшін ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеру, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті қолдау шаралары жалғасады. 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасына сәйкес халықтың нақты табысы жыл сайын кемінде 2-3 пайызға өсуі тиіс.