Қазақстандықтар өмір сапасын жоғары бағалайды – сауалнама
Қазақстандықтардың басым бөлігі өз өміріне оң баға беріп, болашаққа сеніммен қарайды. Мұндай нәтиже DATAmetrics компаниясы жүргізген әлеуметтанулық зерттеу барысында анықталды, деп хабарлайды «24KZ».
Зерттеу Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында өткізілді. Face-to-face форматында жүргізілген сауалнамаға еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың тұрғын қатысты.
Сауалнама қорытындысына сәйкес, респонденттердің 95,2%-ы өз өміріне оң баға берген. Оның ішінде 63,3%-ы өміріне толық риза екенін айтса, 31,9%-ы көп жағдайда қанағаттанатынын жеткізген. Ал 3,4%-ы өміріне онша риза емес екенін, 1,1%-ы мүлде риза еместігін мәлімдеген.
Зерттеу отбасының материалдық жағдайына қатысты да оң өзгерістерді көрсетеді. Қатысушылардың 67,6%-ы соңғы бір жылда отбасының қаржылық ахуалы жақсарғанын айтқан. Оның ішінде 29,8%-ы жағдайының айтарлықтай жақсарғанын, ал 37,8%-ы белгілі бір деңгейде оң өзгеріс болғанын атап өтті.
Респонденттердің 25,5%-ы материалдық жағдай өзгермегенін айтса, 6,6%-ы керісінше нашарлағанын жеткізген.
Сауалнама нәтижесі азаматтардың болашаққа деген сенімінің де жоғары екенін көрсетті. Қатысушылардың 78,6%-ы алдағы бір жыл ішінде өз отбасының тұрмыс деңгейі бүгінгіден жақсырақ болады деп есептейді. Оның ішінде 45%-ы жағдайы айтарлықтай жақсарады деп күтсе, 33,6%-ы белгілі бір деңгейде оң өзгеріс болатынына сенеді.
Сонымен қатар респонденттердің 15,9%-ы тұрмыс деңгейі өзгеріссіз қалады деп болжаса, 3,4%-ы жағдайының нашарлауы мүмкін екенін айтқан.
Жалпы, зерттеу нәтижелері халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің оң екенін аңғартады. Азаматтардың басым бөлігі өз өміріне қанағаттанып, отбасының материалдық жағдайын оң бағалайды және алдағы уақытта тұрмыс сапасы жақсарады деген сенімде.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз