Браконьерлерге 3,5 млн теңге айыппұл салынды
Қазақстанда балық инспекциясы мен балық шаруашылығы саласының қызметкерлері шілде айының екінші жексенбісінде кәсіби мерекелерін атап өтеді.
Балық ресурстарын қорғау – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі. Бұл жауапты саланы өмірлік кәсібіне айналдырған мамандар аз емес. Олар табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қадағалап, браконьерлікпен күрес жүргізеді.
Балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Василий Павлов бұл салада жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол Павлодар облысының өзен-көлдерін түгелге жуық аралап, мол тәжірибе жинаған. Айтуынша, бұл мамандықтың өзіндік қызығы көп. Уақытының басым бөлігі сыртта өтеді. Ол табиғат байлығы балық қорын сақтауға үлес қосып жүргенін мақтан тұтады.
Василий Павлов, облыстық Балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
- Өзім балықшы да, аңшы да емеспін. Бірақ қаладағы қарбалас тіршілік кейде жалықтырып жібереді. Ал табиғат адамға жақсы әсер етіп, жанын тыныштандырады, мінезін де сабырға шақырады. Маған осының бәрі ұнайды.
Василий Павлов жиырма жылдан астам уақыт ішінде мыңдаған рейдке қатысып, талай түнді табиғат аясында өткізді. Өзен-көлдерде тұрақты тексеру жүргізіп, жағалау бойымен жүздеген шақырымды артқа тастаған. Сырттай қарағанда тыныш көрінгенімен, бұл қызмет жоғары жауапкершілік пен қырағылықты талап етеді. Балық қорын сақтауға үлес қосып жүрген мамандар заңның сақталуын қадағалап, адамдарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндейді.
Түсіндіру жұмыстары мен алдын алу шараларының барлығы бірдей нәтиже бермейді. Сондықтан заң бұзғандарға кей жағдайда айыппұл түрінде әкімшілік шаралар қолданылады. Жарты жылда өңірде 144 құқық бұзушылық дерегі тіркеліп, 11 материал сотқа жолданған. Бұл заңсыз балық аулау фактілерінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Жангелді Қарабаев, «Зайсан-Ертіс» балық шаруашылығы инспекциясы павлодар облысы бойынша басшысының орынбасары:
- Осы жылдың өзінде 3,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, оның 3 миллион 300 мың теңгесі өндірілген. Жалпы сомасы 226 мың теңгені құрайтын талап-арыздар берілді. Заң бұзушылардан 40 келі балық, 3 қайық, 2 мотор және 13 ау торы тәркіленді.
Бұл сандардың артында ерен еңбек жатыр. Кейде өмірлерін қатерге тігіп, тәуекелге баратын сәттер де болады. Жыл өткен сайын браконьерлер заңсыз аулау тәсілдерін жетілдіріп, айла-амалын арттырып келеді. Дегенмен павлодарлық инспекторлар олардан бір қадам алда болуға тырысады. Кәсіби мерекені Василий Павлов пен оның әріптестері әдеттегідей салтанатты жиындарда емес, «алдыңғы шепте» – рейдтерде, балық қорын қорғау бағытындағы күнделікті қызмет барысында қарсы алады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков