Жетісуда көлік жүргізуге болмайтын 58 азамат анықталды
Жетісу облысында денсаулығына байланысты көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар 58 азамат анықталды. Олардың жүргізуші куәліктерінің қолданысын тоқтату үшін прокуратура сотқа талап арыздар жолдады, деп хабарлайды «24KZ».
Талдықорған қаласының прокуратурасы жүргізген талдау барысында көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін аурулары бар азаматтар анықталған. Олардың қатарында эпилепсия, психикалық бұзылыстар, сондай-ақ психоактивті заттарды қолдануға байланысты психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстары бар, диспансерлік есепте тұрған тұлғалар бар.
Анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында прокуратура азаматтардың көлік басқару құқығын тоқтату және жүргізуші куәліктерін жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берген.
Бүгінде сот 28 талап арызды қанағаттандырды. Қалған 30 азаматқа қатысты материалдар сот қарауында.
Прокуратура мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз