Алматыдағы ЖЭО-3 құрылысы сынға қалды

Алматыдағы үшінші Жылу энерго орталығының құрылысы Үкімет басшысының сынына ұшырады. 

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысы кезінде құрылыстың бәсеңдігін алға тартып, мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды. Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының жетекшілері Алматыдағы электр станциялары мен Түркістан облысындағы бу газ қондырғысының уақытылы іске қосылуына жауап береді. Министрлер кабинетінің басшысы осыны тағы да еске салды. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министр:

- Өткен аптада Энергетика министрі Алматыға барып, екінші және үшінші ЖЭО тексеріп келді. Үшінші ЖЭО бойынша жағдай мәз емес, жұмыс қарқыны өте төмен. Егер жылдың аяғына дейін бітірмесеңдер, сіздің жеке қатаң жауапкершілігіңіз қаралатын болады. Күнделікті бақылауға алыңыз. Мұндай жағдайды доғару керек.