4 мыңға жуық адам алименттен жалтарып жүр
Шымкентте алимент төлеуден жалтарған 31 адамның бас бостандығы шектелді. Жалпы өңірде бала алдындағы міндетін орындамай жүрген 4 мыңға жуық борышкер есепте тұр. Жауапты орган өкілдері заң талаптарын бұзған ата-аналарға қатысты шараларды күшейтті. Жыл басынан бері 132 азамат әкімшілік қамауға алынып, 82 тұлғаға айыппұл салынған. Қалалық Әділет департаментінің бастамасымен қарызын өтей алмай жүргендер үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылады. Нәтижесінде 200-ден астам алимент төлеуші тұрақты қызметке тартылды.
Айнұр Исабекова, қалалық Әділет департаментінің басшысы:
- Халықты көп мазалайтын мәселелердің бірі ол алимент өндіру саласы. Қазіргі таңда қаламызда 13 мың 845 осы санаттағы іс бар. Оның ішінде 3 мың 287 бойынша алименттің қарыз берешегі қалыптасқан. Яғни алимент төлеушілер өздерінің міндеттемелерін 3 айдан астам мерзім бойы орындамаған.