Жамбыл облысында ауыл ауызсудан тарығып отыр 

Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылы ауызсудан тарығып отыр. 

Бір ай бұрын пайдалануға берілген су тарату станциясы небәрі жеті күн жұмыс істепті. Кейін жиі істен шығып, қазір су кестемен беріле бастаған.

Ауылдағы ауыз су жүйесі 1970 жылы салынған. Содан бері құбырлар әбден тозды. Былтыр бюджеттен 1 млрд 200 миллион теңге бөлініп, 21 шақырымнан асатын құбыр тартылып, су тарату станциясы салынды. Нәтижесінде бір ай бұрын 4 мыңға жуық тұрғын таза ауыз су тұтына бастады. Алайда көп ұзамай жүйеде ақаулар шығып, су дұрыс берілмеді. 

Нұрқабыл Шамшетов, ауыл тұрғыны:

- «Ескі суларыңызды өшіріп, жаңа суға қосылыңыздар» деп бізге шланг шығарып кетті. Енді ескі суды өшіреміз деді. Барлығы жаңа суға қосылды. Бір аптаның ішінде су жақсы болды, одан кейін мәселе басталды: бір күн су болмай қалды. Суды тұндырғаннан кейін де астында лай су пайда болды.

Сәуле Сыздықбаева, ауыл тұрғыны:

- Аудан әкімін шақырып, осы мәселені қолға алуын сұрап жатырмыз. Оған дейін ешкім құлақ асқан жоқ, үш күннен бері осы мәселені көтеріп келеміз. Міне, дүйсенбі күні түске дейін жүрдік. Түстен кейін қайта келді, жаңа ғана.

Ауыл халқының шағымын тыңдауға келген жауаптылар станцияның қалыпты  жұмыс істеп тұрғанын айтады. Негізгі проблема ауылішілік құбыр желісінде болуы мүмкін дейді. Ақаулық анықталғанан кейін мердігер компания кепілдік мерзімі аясында жөндеп береді. Аудан әкімдігі бір апта ішінде мәселені толық шешуге уәде етті. Оған дейін тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 

Қайрат Жатқанбаев, аудан әкімінің орынбасары:

- Паспорт бойынша екі ұңғыма 33,27 текше метр су беріп тұр. Техникалық кеңес өткіздік. Нысанның кепілдік мерзімі бар, сондықтан комиссиямен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Қазір резервтік құбырды әкеліп, қосымша сорғы орнатамыз. Уақытша су береміз. Жаңа судың қосылуына байланысты мәселенің себебін анықтаймыз. Комиссия құрып, бәрін егжей-тегжейлі қарап, шешімін табамыз.

Жуалы ауданындағы 49 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Дегенмен Бақалы мен Қайрат ауылдарында құбырлар тозған.   Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұл елді мекендердегі су жүйесі биылдан бастап жаңғыртылады. 

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә