Алматы облысында көші-қон заңнамасын ЖИ қадағалайды
Алматы облысында көші-қон заңнамасының орындалуын қадағалауда жасанды интеллект қолданыла бастады.
Жүйе екі аптаның ішінде 300-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылықты дұрыс сараламау және шетелдіктерді заңсыз жұмыс күші ретінде пайдалану дерегін анықтап берді. Мұндай істердің арасында өзге мемлекеттің азаматтарын шекарадан шығаруға қатысты орындалмай қалған сот шешімдері де бар. Ақпараттық-сараптамалық платформаны прокуратура қызметкерлері әзірлеген. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйеде жинақталған мәліметтерді тез арада сараптап, заңбұзушылықты шұғыл анықтауға көмектеседі. Сол арқылы тексеріс жүргізуге кететін уақыт үнемделіп, бақылау жүргізу тиімділігі артады.
Салауди Хазаев, Қоғамдық мүддені қорғау басқармасының прокуроры:
- Прокурорлар бұрын мыңдаған материалды бір апта бойы сараптауға мәжбүр болатын. Қазір олай емес. Оның бәрін жаңа жүйе арқылы небәрі 2-3 минутта әзірлеуге мүмкіндік туды. Жасанды интеллект арқылы 150 мың шетелдік азаматқа қатысты құжат сарапталып, 30 мыңнан астам әкімшілік материал қаралды. Соның арқасында 300-ден астам заңбұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданды.