Астанада шақалақты кәріз құбырына тастаған күдікті әйел ұсталды
Астанада қонақүйде босанып, шақалақты кәріз құбырына ағызып жіберді деген 29 жастағы күдікті әйел ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана тұрғындары үйлерінің маңындағы кәріз жүйесінен нәрестенің денесін тауып алғаны хабарланған еді. Олар әйел тұрғын үйдің жанындағы қонақүйде босанған деп болжайды. Полиция тергеу басталғанын мәлімдеген еді.
Бүгін Астана қалалық полиция департаментінің өкілдері елордадағы қонақүйлердің бірінде нәресте шаранасының табылғанын хабарлады. Бұл дерек бойынша күдікті 29 жастағы әйел ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция мәліметінше, жыл басынан аталған қонақүйден 102 арнасына 19 хабарлама түскен. Тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Аталған құқық бұзушылықтардың анықталуына байланысты қонақүй иесіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізілді», - деп мәлімдеді Астана ПД өкілдері.
Тәртіп сақшылары бұл аумақ учаскелік полиция инспекторларының тұрақты бақылауында екенін айтты.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз