Павлодарда жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
Павлодарда банкте болған жарылысқа қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды.
Алаяқтардың арбауына түскен ерлі-зайыпты пиротехникалық зат салынған тортты банкке алып кірген. Сол жерде жарылыс болып, екеуі де жарақат алды. Әйел адамның беті, мойыны, қолы мен көзін күйік шалса, ер адамның жанары зақымданды. Тиісті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, зейнеткерлер амбулаторлық ем алуға жіберілді. Полиция жарылыс жасаған жандардың бұған дейін де алаяқтарға алданып, жалған инвестициялық жобаға ақша салғанын айтады. Соған қарамастан, қайтадан біреулердің арбауына түсіп, айтқанын істеген.
Алмаз Төкенов, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:
- Аталған факт бойынша полиция тергеу жүргізіп, дроппер ретінде әрекет еткен тұлғаларды анықтады. Олар заң аясында жауапкершілікке тартылып, жәбірленушілердің ұрланған қаражатын қайтару бойынша сот тәртібімен тиісті шаралар қабылданып жатыр. Аталған факті бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді анықтау және ұстау бағытында жедел іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр.