Жыр болған балабақша салына ма?

Елордада тұрғындар біраз жылдан бері балабақша құрылысын күтіп жүр. Олардың айтуынша, тұрғын үйді салған BI Group компаниясы кезінде көпшілікке осындай уәде беріпті.

Алайда сол күйі балабақша да басқа да жоқ. Мәселе қашан шешіледі? 

BI Group компаниясы тұрғызған бұл көпқабатты үйге тұрғындар бірнеше жыл бұрын қоныстанды. Жарнамасы жер жарған баспанадан бұқара жарыса пәтер алғандарын жасырмайды. Өйткені бұл жерде бір емес, үш бірдей балабақша бой көтеруі тиіс еді. «Алайда сол күйі құрғақ уәде күйінде қалып келеді», - деп күйінеді көпшілік.

Аида Ыдырыс, «Sezim Qala» тұрғыны:

- 2021 жылы осы үйді алар кезде жанында мектеп пен балабақша болса деген ойымыз болды. Сондықтан BI Group компаниясына сеніп, осы үйді сатып алған едік. 3-26 тұрғын үй кешені бойынша BI Group үш мемлекеттік балабақша салынатынын айтқан болатын. Алайда бүгінге дейін олардың біреуін де көрген жоқпыз. Міне, 2026 жыл болды, әлі күнге дейін бірде-бір балабақша салынған жоқ. Тіпті бізді алдады десе де болады. Мұны растайтын брошюралар мен буклеттер әлі күнге дейін қолымызда сақтаулы.

Жылдан жылға мұнда көшіп келуші халықтың нөпірі артып жатыр. Аудан айтарлықтай өсті. Десе де әлеуметтік нысандардан гөрі, тоқтаусыз салынып жатқан тұрғын үйлерден көз сүрінеді. Жақын маңдағы мемлекеттік балабақшалар да балаға лық толған.

Айжан Әбілқасымова, «Sezim Qala» тұрғыны:

- 2022 жылдан бері осы жақа тұрамын. Осы жаққа көшіп келгендегі 9 айлық қызым қазір 5 жасқа толады. Алайда әлі күнге дейін үйдің қасында балабақша жоқ. Былтырлары салынады деп қоқыс жиналды. Біз үміттеніп жүрдік. Алайда ештеңе болмады. Көршілермен шыққан кездегі бар әңгімеміз сол.

Басы дардай, аяғы қылдай болған балабақша жайы сол күйі шешілмей тұр. Есесіне, бос жатқан алаңқайдың қызығын ит-құс көріп, айналасын қоқыс басты. Жауап іздеп сандалған жұрт Президент әкімшілігіне хат жолдады. Сөйтсе, жер телімі мүлде басқа компанияның меншігіне өтіп кетіпті.

Аида Ыдырыс, «Sezim Qala» тұрғыны:

- Е-өтініш арқылы хат жазған едім. Оны бір ай бұрын жолдадым. Сол хатқа мынадай жауап келді: бұл жерді «Хеппи бала» деген жекеменшік мекеме сатып алған, сондықтан осы мәселеге солар жауап беруі тиіс екен. Бірақ бізге уәде берген – BI Group. Қазір олар жауапкершіліктен шеттеп, бәрін «Хеппи балаға» артып отыр. Негізі олардың бізге ешқандай қатысы жоқ. Бізге уәде берген де олар емес қой.

Көптің көңілін күпті еткен мәселеге байланысты «Хабар» агенттігі BI Group компаниясына ресми хат жолдады. Бізге берген жауапта компания балабақша салынатыны жайлы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген.

BI Group компаниясының ресми жауабы:

«BI Group компаниясы «Sezim Qala» тұрғын үй кешені маңында үш мемлекеттік балабақша салуға уәде берді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Шын мәнінде жобаға қатысты ақпараттық материалдарда осы ауданда жобалық құжаттамаға сәйкес екі балабақша қарастырылғаны жазылған. Жобалық құжаттамада балабақша салу көзделген жер учаскелері біздің компанияға қатысы жоқ жеке компаниялардың меншігінде. Жобаны іске асыру мерзімін, оның форматын учаскенің иесі шешеді және құрылысты заңнама талаптарына сәйкес жүргізеді».

Қалай десек те, халық тығыз шоғырланған аумақта балабақша мәселесі өзекті. Егер жағдай реттелмесе тұрғындар одан әрі сотқа жүгінуге бекініп отыр. 

Авторлары: Назерке Тоқжан, Айсұлу Махмұтова