Елордада ел азаматтары әскери жиынға шақырылды

Елордада запастағы 100-ден астам азамат жоспарлы әскери міндетті он күндік оқу-жаттығуға шақырылды. 

Жиынға қатысушылардың басым бөлігі – азаматтық салада еңбек етеді. Қатарында инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер және басқа мамандық иелері бар. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әскери жиынның мақсаты – жауынгерлік даярлықты сақтап, қоғам мен армия арасындағы байланысты нығайту. «Жұмылдыру резервін даярлау елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі саналады», - дейді оқу-жаттығуды ұйымдастырушы командирлер. Қатысушылар саптық, тактикалық, атыс және арнайы дайындық дағдыларын пысықтайды.

Ерік Жексенбай, әскери жиынға қатысушы:

- Бұл жиынға келуді өзімнің азаматтық борышым деп есептеймін. Уақыт өте келе кейбір әскери дағдылар ұмытылып қалады. Сондықтан осындай қайта даярлау жиындары оларды қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бүгінде заман өзгеріп жатыр, Қарулы күштер де қарқынды дамып келеді.