Теміртаулық Алмаз Асылбеков мүмкіндігі шектеулі жандарды футболға тегін баулып жүр

Теміртаулық Алмаз Асылбековтың ісі көпке үлгі. Мүгедектігі бар ол мүмкіндігім шектеулі деп отырмай, өзгелерді спортқа баулып жүр. 

Айналасына тағдыры ұқсас жандарды жинап, тәжірбиесімен бөліседі. Футболдан жаттығуды тегін өткізеді. Өзі де алаңға шығып, шәкірттерімен қатар ойнайды. Бойындағы сырқаты Алмаздың футболға деген қызығушылығына кедергі бола алмады.

Керісінше жігерлене жаттығып, алдына мақсат қойды. Қазақстан футбол федерациясының D санатындағы жаттықтырушы лицензиясын алып, өзгелерді спортқа баулыды. Қазір ересектермен қатар, балаларды да жаттықтырып жүр. 

Алмаз Асылбеков, жаттықтырушы:

- Мен басында футбол үйірмесіне жазылғым келген. Алайда мені ала қоймады. Сосын өзім аулада жаттығып, қолымнан келетінін дәлелдедім. Биыл футбол федерациясының жаттықтырушы лицензиясын алдым. Қазір өз шәкірттерімді дайындап жүрмін. 

Жаттығулар тегін өтеді. Бапкер үшін ең үлкен жетістік – шәкірттерінің жеңісін көру. Оның айналасындағы жандарды футболға деген сүйіспеншілік біріктірді.

Дамир Коримолов, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Алмаз жаттығуды ешқашан үзген емес. Ауа райына қарамастан алаңға шығып бір өзі доп теуіп жүре береді. Өте қайратты да, қайсар жігіт. Жаттығуларды да қызықты өткізеді, түрлі әдістемелерді қолданады, көп ізденеді. Мұнда келіп жүргендердің барлығы оны құрметтейді.

Бірі бұл жерден үлкен спортқа жол тапса, енді бірі жаңа достар мен өзіне деген сенімділікке ие болады. Ал Алмаз үшін әрбір жаттығу – тағы бір кішкентай жеңіс. 

Алмаз Асылбеков, жаттықтырушы:

- Кез келген істі бастасаң соны соңына дейін жеткізу керек. Мен футболды өмірімнің бөлшегі санаймын. Бұл – өте танымал спорт түрі. Жаттығуды үзбей өткіземін. Елімізде инклюзивті футболды дамыту қажет.

Осылайша, жігерлі жігіт адамның мүмкіндігі шектеусіз екенін дәлелдеп жүр. Қайсар мінезі мен қоғамға пайдасын тигізуге деген талпынысы көпке үлгі. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит