Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери рәміздері күнін атап өтіп жатыр

Бүгін Қазақстан Қарулы күштерінің әскери рәміздері күні.

Айтулы дата 1996 жылы 18 шілдеде Президент Жарлығымен бекітілді. 2021 жылы Қорғаныс министрінің бұйрығымен бұл күн кәсіби мереке мен атаулы күндер тізбесіне енгізілді. Қарулы Күштердің рәмізі – бейбітшіліктің, еркіндік пен рухтың нышаны. Отанды қорғауға дайындықты білдіретін бес жұлдызда шұғылалы күн мен қалықтаған қыран бейнеленген. Қарулы Күштердің әр түрінің жеке қызметтік мақсаты мен жауынгерлік дәстүрін суреттейтін Туы бар. Жауынгерлік Ту – әскери бөлім абыройының, ерлігінің және даңқының қасиетті белгісі. Ол бөлімнің тарихы мен жауынгерлік жетістіктерін сақтайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Жауынгерлік тудың жанында суретке түсу құқығы қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілерге беріледі.

Дәулет Қадыров, ҚР ҚК ҰӘПО әскери-тарихи музейінің бастығы:

- Жалпы мынау әскери нышандар - бұл жай ғана айырым белгілері емес. Бұл еліміздің тәуелсіздігін, Қарулы Күштеріміздің бірлігін, жауынгерлердің ар-намысын және әскери дәстүрдің сабақтастығын білдіретін ерекше құндылық болып есептеледі. Біздің ата-бабаларымызда әрбір рудың, тайпаның ерекше әскери нышандары мен туы, таңбасы болған. Мысалы, Түркі қағанатында туды ерекше нышан ретінде қастерлеген.