Жыл басынан бері ШҚО-да бірнеше оқушы өзіне өзі қол жұмсады
Шығыс Қазақстан облысындағы оқу орындарында жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған цифрлық технология әзірленіп, қолданысқа енгізілді.
Облыс прокуратурасының бастамасымен 296 мектептің оқушылары мобильді қосымша арқылы сауалнамадан өтті. Барлық сұрақты кәсіби психологтар дайындады. Мақсат - балалардың күйзеліске бейімділігін анықтау. Әсіресе әлеуметтік желіде көп отыратын жасөспірімдер назарға алынды. Жалпы елде суицид белгілері бар контент таратқан 40-тан астам интернет-ресурс бұғатталды.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында бірнеше жасөспірім өзіне өзі қол жұмсаған. Прокурорлар мен психологтар осындай жағдайлардың алдын алу үшін, бірлесе жұмыс істеп жатыр. Олар сауалнама жүргізетін арнайы мобильді қосымша әзірледі. Оқушылардың мінез-құлқын терең талдау арқылы күйзеліске бейімділігін анықтайды. «Qolda» мобильді қосымшасы арқылы 17 мың оқушы сауалнамадан өтті. Қатер тобына енген балалармен психологтар жұмыс істейді. Отбасылық жағдайын ювеналды полиция инспекторлары мен прокурорлар зерделейді.
Сәуле Губашева, облыс прокурорының аға көмекшісі:
- Бұл бірегей қосымша. Оның көмегімен прокурорлар мектеп психологтарының әр баламен жүргізіп жатқан жеке жұмысын бақылай алады. Соның нәтижесіне қарай қадағалау шараларын қабылдайды.
Мобильді қосымшадағы әрбір сұрақтың астарында терең мағына бар. Олардың барлығы жан-жақты әрі мұқият әзірленген. Жауаптарды талдау психологтарға алдын ала әрекет етіп, балаларды қазіргі қоғамдағы түрлі қауіп-қатерден қорғауға мүмкіндік береді.
Аяулым Фазымова, педагог-психолог:
- Баланың психоэмоционалдық жағдайын анықтау үшін әдістемелер, диагностика жүргізілуі керек және бұл қазіргі таңда актуальді. Бірақ қазіргі таңда балалардың жас ерекшелігін, психикасын, одан кейін бұл диагностиканың жалпы мазмұнын қарау керек. Бұл әдістемелер өз кезегінде балалардың арасында суицидтің алдын алуға көмектеседі.
Кейін мамандар жасөспірімдердің мінез-құлқындағы ауытқулардың себептері мен салдарын жан-жақты зерттейді. Бұл жұмысты жедел әрі барынша ұқыпты жүргізу маңызды. Себебі бала іштей тұйықталып, отбасы мен қоғамдағы мәселелерін жасырып қалмауы керек. Ресми деректерге сәйкес, елде өзіне қол жұмсауға әрекеттенген балалардың 66 пайызы толық әрі сырт көзге үлгілі көрінетін отбасында тәрбиеленген.
Руслан Нұрланұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин