Балмұздақ экспорты 77%-ға өсті

Отандық балмұздақ экспорты 77 пайызға өсті. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында елден шет елдерге жалпы құны 25 млн доллар болатын 6 мың тоннадан астам өнім жөнелтілген.

Балмұздақ өндірісі бойынша Алматы облысы көш бастап тұр. Аймақтағы кәсіпорындар 5 айда 23 мың тоннадан аса балмұздақ шығарды. 

Еліміздегі балмұздақтың 66 проценті Алматы облысында өндіріледі. Өнім сапасының жоғары болуын мамандар жіті қадағалайды. Солардың бірі – Александр Миголь. Оның өндірістік үдеріске араласқанына он жылдан асты.

Александр Миголь, балмұздақ қаптау цехының басшысы:

- Біздің жұмысымыз сүт пен одан басқа да қоспаларды қабылдаудан басталады. Сүттің құрамында антибиотиктің бар-жоқтығы және майлылығы тексеріледі. Одан кейін миксермен араластырып, пастерлеп, +4 градусқа дейін салқындатамыз. Арнайы құтыларға құйылған соң балмұздақтың дәмі тіл үйірерліктей болып жетіледі.   

Әлем бойынша Қазақстанда өндірілген балмұздаққа деген сұраныс артып келеді. Кәсіпорын былтыр көршілес Қытай Халық Республикасы мен Ресей, Беларусь, Моңғолия және Орталық Азия елдеріне 14 мың тоннадан астам балмұздақ экспорттады. Мұнда әсіресе классикалық пломбир мен кілегейлі балмұздаққа деген сұраныс жоғары.

Ұлан Боранбайұлы, компания менеджері:

- Әрине, шетелге өзіміздің өнімдерді өткізу немесе жіберу бұл үлкен ауқымды жұмысты талап етеді. Қазіргі таңда кешенді жұмыстың арқасында өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болғаннан кейін сол жағдайда ғана сұранысқа ие болып отыр. Ол дегеніміз технологияларды, жабдықтарды біз жаңартып отырамыз, соңғы технологияларды қолданамыз. Ол дегеніміз әрбір өнімнің сапалы болуына тікелей әсер етеді.

Өңірдің жалпы экспорттық көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Алматы облысы өткен жылы шетелдерге 400 миллион доллардың өнімін экспорттады. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен қоса соңғы жылдары тамақ өнеркәсібінің үлесі ұлғайғанын айта кетейік. Мамандардың айтуынша, экспорт көлемі жыл сайын 15-20 пайызға өсіп отырады.

Айбол Рахымбаев, облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

- Биыл 112 инвестициялық нысан пайдалануға беріледі. Олар негізінен логистика, терең өңдеу, сауда және туризм салаларын қамтиды. Бұл жұмыстар өз кезегінде облыстың экспорттық әлеуетін барынша арттыруға жол ашады.

Өндірушілердің айтуынша, әсіресе Алматы облысының жағрафиялық орналасуы аса маңызды роль атқарады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірден автокөлік және шойынжол дәліздері өтеді. Бұл жергілікті кәсіпорындардың сыртқы нарыққа шығуына зор мүмкіндік береді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай