Елімізде сумен қамту бойынша 22 жоба жүзеге асты

Елде су ресурстарын тиімді басқару және халықты сапалы ауыз сумен қамту бойынша құны 218 млрд теңгеден асатын 22 жоба іске қосылды.

 Бұл жұмыстар Президент тапсырмасына сай қолға алынды. Биыл Түркістан, Ақмола және Жамбыл облыстарында жаңа су қоймалары мен су жинақтаушы нысандардың құрылысы аяқталады. 12 сумен жабдықтау жобасын іске асыру нәтижесінде 142 ауылдағы 540 мыңға тарта тұрғын ауыз сумен қамтылады. Бұдан бөлек кәсіпорындарда электронды шарттар жүйесі қосылып, «Биллинг» платформасында 28 мыңнан астам келісім тіркелді. Өткен жылғы суару маусымында 1,2 миллион гектар егістік алқапты суаруға 11 текше шақырымнан аса су кәдеге жаратылды. Оның 97 пайызы оңтүстік өңірлерге тиесілі. Биыл да шамамен осы көлемде су алу жоспарланып отыр. Ал қоймаларға келетін су көлемін болжауға TALSIM гидрологиялық моделі енгізіліп жатыр.