Алматы – Бішкек бағыты сегіз жолаққа кеңейтіледі

Алматы – Бішкек автожолын кеңейту басталды. Бүгін жауаптылар жобаның техникалық параметрлерімен танысып, кейін құрылыс техникасы жер жұмыстарына кірісті.

Бұл бағытпен тәулігіне 70 мыңнан астам автокөлік қатынайды. Қазіргі төрт жолақты жолдың өткізу қабілеті жеткіліксіз болғандықтан, көлік кептелісі күшейіп, барыс-келіс қиындаған. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен жолдың жүріс бөлігі сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Сонымен қатар «таға» үлгісіндегі екі жолайрық, тоғыз жерүсті жүргіншілер өткелі салынып, жол бойына тротуарлар мен заманауи сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылады. Нәтижесінде шаһардың кіреберісінде көлік жүктемесі азайып, жол қозғалысы қауіпсіздігі артады. Сонымен қатар жоба Қазақстан мен Қырғызстанды байланыстыратын халықаралық көлік дәлізін дамытуға, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.