ШҚО жолдарында ыстыққа байланысты шектеу енгізілді
Аптап ыстықтан Жамбыл, Павлодар, Түркістан облысындағы бетон жабынды жолдар бүлінуі мүмкін. Елдің шығысында да ми қайнатар аптап - термометр бағаны 36 градустан түспей тұр.
Сол себепті өңірде жүк тасымалдайтын көліктер қозғалысын бақылау күшейді.
Шығыс Қазақстан облысындағы автомобиль жолдары таң ата қыза бастайды. Өйткені бірнеше күннен бері өңірде таңғы сағат 9-да 30 градустық ыстық болып тұр. «Қазавтожол» мамандарының айтуынша, аптапта бетонжабынды жолдардың беті 60-70 градусқа дейін қызады. Шығыс Қазақстан облыстық көлік инспекциясы профилактикалық рейд ұйымдастырып, бір оське 8 тоннадан астам жүктемесі бар көліктердің қозғалысына шектеу қойды. Олар күндіз кемпингте тұрады. Жүргізушілер бұған түсіністікпен қарап отыр.
Фархат Бұқарбаев, Көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:
- ҚР Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің ШҚО бойынша Көліктік бақылау инспекциясы республикалық мемлекеттік мекемесі естеріңізге салады. Биылғы жылдың 1 маусымынан 15 тамызына дейін сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін бір оське жүктемесі 8 тоннадан асатын, ауа температурасы 25 градустан жоғары автокөлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізіледі.
Дегенмен ел аумағындағы жолдар климаттық өзгерістерге сай салынуы тиіс. Шығыс Қазақстанда қысы-жазы ауа температурасы – 30 және + 40 градус аралығында болады. Жолдардың сапалы салынуын тиісті мекемелер қадағалайды.
Саяхат Мүсәпіров, Жол активтері сапасы ұлттық орталығының бөлім басшысы:
- Соның барлығына биыл сапа сараптамасымен 300-ге жуық тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 618 материал сынаққа алынып, оның бүгінгі таңда 30 пайызға жуығы нормаға сәйкес емес екендігі анықталып жатыр. Бұл олқылықтарды жою бойынша мердігер тарапына, тапсырыс берушіге жаңағы хат жолданған болатын. Қазіргі таңда ол олқылықтар мердігер тарапынан жөнделу үстінде.
Ел аумағында жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырым бетонжабынды жол бар. Шектеу сол автомобиль жолдарының бүтіндігі үшін енгізіліп отыр. Мамандар бүлінген жерлерді тез арада анықтап, жөндеуге күш салады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин