«UMAI Gas»: Газ саласындағы әйелдер форумы
Қазақстан үшін газ саласының маңызы зор. Онда ерлермен қатар әйелдер де иық тірестіре жұмыс істеп жатыр. Олардың ролі елордада өткен «UMAI Gas» әйелдер клубының тұңғыш форумына өзек болды.
Жиынға қатысушылар жасанды интеллектінің газ саласын дамытудағы әсерін де сөз етті.
«QazaqGaz» ҰК-на қарасты «Интергаз Орталық Азия» ұйымында еңбек етіп жатқандардың 10 пайызы әйел. Олар басшылық қызметте де қарымын шыңдауда. Жауапты әрі маңызды салада тер төгіп жүрген әйелдердің бір-біріне үлгі екені даусыз. Олар «UMAI Gas» клубында бас қосқан. Міне, Астанада алғашқы ауқымды форумын өткізді.
Жанар Қауылтаева, «Ақтау магистральді газ құбырлары» басқармасы филиалы директорының орынбасары:
- Әйелдер форумына қатысушы болу мен үшін үлкен мәртебе. Осы жылдың ақпан айында директордың орынбасары болып тағайындалдым. Бұл маған тек кәсіби жетістік емес, бұл біздің компанияның жұмысшыларды жынысына қарамастан біліммен, жауапкершілігімен, көшбасшылығымен бағаланатынының дәлелі.
Газ саласын жүйелеуге ЖИ енгізу қажет. Бұл уақыт талабы. Форум қатысушылары цифрлық технологиялар мен жаңа дағдылар – елдің экономикалық тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін басты орынға қойған Қазақстан үшін маңызды екенін айтады.
Бауыржан Базарбаев, «Интергаз Орталық Азия» АҚ Персоналды басқару және еңбекақы төлеу департаменті директоры:
- 100-ге жуық жұмысшы әйел қатысып жатыр. Бірінші мақсат - бас біріктіру. Сонымен қоса өндіріске, газ саласына қатысты пікірлерін тыңдау.
«UMAI Gas» форумында қыз-келіншектер тәжірибесін бөлісіп қоймай, тың ұсыныстарын да айтты. Өйткені ЖИ дәуірі еңбек нарығына үлкен өзгеріс енгізері заңды. Демек дағдыны шыңдай түсу маңызды.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейіт