Әскери оқу орындарына құжат қабылдау жалғасып жатыр

Елімізде Қорғаныс министрлігінің әскери институттары мен колледждеріне құжат қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады.

Биыл талапкерлерге шамамен бір жарым мың грант бөлінген. Қабылдау науқаны цифрландырылып, құжаттарды eGov.kz порталы арқылы тапсыруға мүмкіндік жасалды. Оқу барысында курсанттар мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етіліп, оқуын тәмамдағаннан кейін әскери қызметке орналасады. Сонымен қатар әскери білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану бағыттары енгізіліп, практикалық даярлық күшейтілген. Әскери білім мектеп түлектерінен бастап мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтарға дейін қолжетімді. Ал 2025 жылдан бері мерзімді әскери қызмет өткергендер үшін жоғары оқу орындарында жеңілдіктер мен тегін гранттар қарастырылған. 

Мұрат Олжабаев, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник:

- Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсушілер арасындағы бәсекелестіктің артуы әскери мамандықтың беделі мен оның азаматтық білім беру ұйымдарымен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетеді, 2025 жылғы қабылдау науқанының қорытындысы бойынша әскери оқу орындарына 1 орынға орта есеппен 3 үміткерден келді. Ең сұранысқа ие мамандықтар қатарына мемлекеттік авиацияның әуе кемелері арқылы ұшу, әскери медицина, автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар, әскери іштегі дене шынықтыру бағыттары болды.