Алматыда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған күдікті Вьетнамнан экстрадицияланды

Видеодан алынған кадр

Қазақстанның құқық қорғау органдарынан бой тасалап жүрген шетел азаматы экстрадицияланды, деп хабарлайды «24KZ».

Бас прокуратураның, ҚР Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық Орталық Бюросының қызметкерлері Вьетнам Социалистік Республикасындағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен аталған елден халықаралық іздеуде жүрген шетелдік экстрадициялады.

Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейсовтің мәліметінше, тергеу бойынша, 2022–2023 жылдары күдікті сыбайласымен бірлесіп Алматы қаласының аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, нәтижесінде 12 миллион теңгеден астам қылмыстық пайда тапқан.

Қылмыс жасағаннан кейін сыбайластың біреуі қылмыстық жауаптылыққа тартылған, екіншісі қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, оған іздеу жарияланған. Биылғы жылғы ақпанда ол Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауымен Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды, — деді Ерлан Жанпейсов.

Оның сөзінше, айып тағылған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз