Алматы облысындағы тау кластеріне 500 мың турист келді
Жыл басынан бері Алматы облысына бір миллионнан астам турист келді. Сұранысқа ие бағыттың бірі – тау кластері мен экотуризм.
Шетелдік туристерді қабылдау бойынша курорттық аймақтар көш бастап келеді. Қонақ үйлер мен басқа да орналастыру орындарында 130 мыңнан астам шетелдік қонақ аялдаған. Бұл – Қазақстанның курорттық аймақтарын таңдаған барлық шетелдіктің 95 пайызы. Өңірге әсіресе көрші елдер мен Еуропадан саяхатшылар жиі келеді.
Қуанышбек Мирамбекұлы, Туризм басқармасының басшысы:
- Өздеріңіз білетіндей, Алматы тау кластері – Қазақстандағы негізгі туристік бағыттардың бірі. Ол Түрген шатқалынан басталып, Қаскелең шатқалына дейінгі аумақты қамтиды. Қазіргі таңда бұл өңірге 500 мыңнан астам турист келген. Бұдан бөлек, Алматы облысында туристік орындар көп. Соның бірі – Қонаев қаласындағы Қапшағай жағажайы. Бұл аумақта да инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жоспарларымыз бар. Биыл жалпы ұзындығы шамамен екі шақырым болатын үш жағажайдың құрылысы аяқталады.