Жамбыл облысы Қаратау ауылындағы жол жөнделмей келеді
Қаратау ауылының тұрғындарын жол шаршатты.
Ескі асфальт сүрілген. Бірақ жаңасы толық төселмеген.
Жалғыз жолды мердігер бір жарым жыл болды, жөндей алмай келеді. Құрылыс мерзімі де әлдеқашан өтіп кетті. Осының кесірінен тұрғындар ойқы-шойқы жолда жүйкесін жұқартып, көліктерін қайта-қайта жөндеуге мәжбүр.
Шекара маңындағы Қаратау ауылына апарар жалғыз жолдың құрылысы былтыр мамыр айында басталған. Алғашқыда жөндеу жұмыстары қарқын алып, ескі асфальт толық сүрілген. Сөйтіп, 5 шақырымы жөнделді. Бірақ кейін мердігер техникасын тиеп, құрылыс алаңынан кетіп қалған. Содан бері арада бір жарым жыл өтсе де, құрылыс толық аяқталмаған.
Нұрғали Панапов, Қаратау ауылының тұрғыны:
- Ана бұрылысқа дейін 4 км былтыр күзге дейін салып кетті. Аяқ жағы жаңбыр болды, үйтті-бүйтті деді де кетіп қалды. Сол бойы жоқ. Техникасын кейін алып кетті. Сонымен биыл келді да техникасын қойып кетті. Асфальтоукладчик 3 ай тұрған шығар ана жерде. Екі күн істеді. Екі күнде 2,5 км асфальт құйып кетті. Тура осы жерге дейін жетті. Содан енді бір аптадан кейін келеміз деп еді. Сол бойы жоқ.
Бұл жол - ауыл тұрғындары үшін аса маңызды. Бірі күнделікті егістік алқабына қатынаса, енді бірі аудан орталығына барады. Айтуларынша, жедел жәрдем көліктері осы жолмен жүруге құлықсыз. Әрі жаңа салынған асфальттың сапасына қатысты сын көп.
Сәбит Ахметов, Қаратау ауылының тұрғыны:
- Ауру сырқауымыз ба, жедел жәрдем келу керек. Медициналық көмек көрсететін адамдар юар. Олар да келерде жылайды үйлеріңе бармаймыз деп. Телефон қабылдамайды звандап қалсаң. Жолдарың жаман өздерің алып келіңдер деп айтады.
Жалпы жолдың күрделі жөндеуіне 410 миллион теңге бөлінген. Жауаптылар құрылыс жұмыстарының мерзімінен кешігіп жатқанын растады. Нысанның қолданысқа беру уақыты өтіп кеткенімен жолдың 30 пайызы әлі аяқталмаған.
Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұл жұмыстар осы шілде айының 10-на аяқталуы керек болатын. Мердігер аяқтамаған соң біз 10-нан бері қарай әр күнге 0,1 пайыздан пенясы жүріп жатыр. Қазір мердігер тұрғындарға айтты. Ергеңгі күні бастап, бір апта көлемінде толық аяқталатыны туралы мәлімдеді.
Мердігер қалған жұмысты алдағы 20 күн ішінде аяқтауы тиіс. Міндетін орындамаса жауаптылар келісім-шартты бұзып, жаңа құрылыс компаниясын іздестірмек.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә