Гидтерге талап күшейтілді

Енді кез келген адам өзін гидпін деп қызмет көрсете алмайды. Олар eLicense арқылы тіркеліп, ресми тізілімге енуі керек, деп хабарлайды «24KZ».  Бұл саладағы заңсыз жүргендерді шектеп, гидтер мен экскурсия жүргізушілерінің қызметін толық бақылауға алып, заңдастырады.

Мемлекет заңды жұмыс істейтін гидтердің арнайы электронды тізімін жасап министрлік пен «Kazakh Tourism» сайтында жарияланады. Бұл саяхатшыларға сенімді маманды оңай табуға көмектеседі.

Жаңа талап бойынша гидтер туристерге маршруттың қауіп-қатерін алдын ала ескертуге міндетті. Ал қауіпті бағыттарда саяхатшы қауіпсіздік ережесімен танысқанын қағазға қол қойып растайды. Төтенше жағдай бола қалса, гидтер бірден құтқарушылар мен туристің жақындарына хабар беруі керек.

Сонымен қатар гидтерді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тізіміне енгізу жоспарланып отыр. Жаңа ереже туризм қызметінің сапасын арттырып, саяхатты қауіпсіз етуді көздейді.