Көп әйел алуды насихаттаған алматылық блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Алматыда әлеуметтік желі арқылы көп әйел алуды насихаттаған блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды «24KZ».
Полицияның мәліметінше, ер адам өз жарияланымдарында көп әйел алуды қалыпты өмір салты ретінде насихаттаған.
«Құқық қорғау органдары бейнероликтің авторына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 3-1-бөлігі бойынша заңға қайшы контентті орналастырып, таратқаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Аталған бапқа сәйкес, ер адамға 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін», делінген полиция хабарламасында.
Тәртіп сақшылары профилактикалық әңгіме жүргізгеннен кейін ер адам әлеуметтік желідегі даулы жарияланымдарын өз еркімен өшірген.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз