Маңғыстауда 95 млн теңгеден астам алимент қарызы қайтарылды
Маңғыстау облысында алимент бойынша 95 млн теңгеден астам берешек өндіріп алынды. Соның арқасында 395 баланың құқығы қорғалды. Бірінші жартыжылдықта алимент төлеуден жалтарған 133 борышкер жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды «24KZ».
Облыстық прокуратураның мәліметінше, олардың 27-сі қылмыстық, ал 106-сы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жауапқа тартылғандардың арасында бірнеше жыл бойы алимент төлемеу үшін әдейі жұмысқа орналаспай, жұмыс орны мен табысын жасырғандар анықталған.
Солардың бірі – екі баласына табысының үштен бір бөлігі мөлшерінде алимент төлеуге міндетті борышкер. Ол ұзақ уақыт бойы сот шешімін орындамай, алимент төлеуден жалтарған. Соның салдарынан берешегі 3 млн теңгеден асқан.
Прокурорлық тексеру нәтижесінде оған қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот үкімімен борышкер кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін алимент бойынша берешек толық көлемде өтелді, – деп хабарлады Маңғыстау облысының прокуратурасы.
Ведомствоның мәліметінше, алимент өндіру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз