Қазақстанда 1,1 млн адам платформа арқылы табыс тауып жүр
Қазақстанда бір миллионнан астам адам цифрлық платформалар арқылы табыс тауып жүр. Олардың 540 мыңнан астамы міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарын төлейді.
Бұлардың басым бөлігі - такси жүргізушілері, курьерлер және онлайн-сервистердің тапсырыс орындаушылары. Елде платформалық жұмыспен қамтуды одан әрі дамытуға ден қойылған. Заңнама өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен мобильді қосымшалар арқылы тапсырыс қабылдайтын жандардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Қазір Қазақстанда 30-дан астам цифрлық платформа жұмыс істейді. Кейінгі үш жылда интернет-платформалардың операторлары шамамен 14 миллиард теңгені міндетті әлеуметтік төлем ретінде аударды. Олардың құрамына зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті медициналық сақтандыру жарналары кіреді. Жұмыстың бұл түрін көбіне 26 мен 50 жас аралығындағы азаматтар таңдайды. Мамандардың пікірінше, платформалық жұмыспен қамтудың дамуы азаматтардың табысын заңдастыруға және еңбекке орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Гүлия Жүнісова, «Атамекен» ҰКП департамент директоры:
- Қазіргі таңда платформалық жұмыспен қамту шамамен 1,1 млн адам. Оның ішінде 541 мың адам міндетті әлеуметтік төлемдерді төлей отырып еңбек етеді. Платформалық жұмыспен қамту ең алдымен жолаушылар тасымалы мен курьерлік жеткізу салаларында кеңінен таралған. Сонымен қатар цифрлық платформалар электронды коммерцияда, персоналдық іріктеуде, бағдарламалық қамтамасыз етуде әзірленуде. Клининг пен қызмет көрсетудің басқа да бағыттарында белсенді қолданылуда.