Шымкентте егіс алқабының 70 пайызы жиналды

Биыл шаруалар 20 мыңнан аса гектар жерден 80 мың тоннаға жуық өнім алуды көздейді. 

Дегенмен қазір өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, астықты шығынсыз жинаудың маңызы артты. Осыған байланысты қырмандағы диқандарға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп жатыр. 

Диқандар дала жұмыстарына уақытылы кірісті. Ауа райы да қолайлы болып, техниканы толық қуатында пайдалануға мүмкіндік берді. Сондықтан шаруалар ала жаздай еткен еңбектен шашау шығармай жинап алуды көздейді. 

Қамысбек Ақылбекұлы, шаруа:

- Баланы қалай бақсаң, бидайды да солай бағамыз. Оның дәрісін беру керек. Оның арам шөптерін жұлу керек. Арасында жәндіктер түседі. Оларды дәрілеу керек. Сол сияқты 8 ай күтіп, 8 айдан кейін орамыз. Орғаннан кейін жемісін көретін шығармыз деп отырмын. 

Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар да астық жинау науқанын бақылауға алды. Биыл егістіктің 6 жарым мың гектарын дәнді дақылдар қамтыды. Оның 70% алқаптан толық жиналды. Бұдан бөлек 3 мың гектарға майлы, ал 10 мыңға жуық гектарға мал азығы дақылдары егілген. Қалғаны көкөніс пен бау-бақша өнімдеріне тиесілі.

Сағдат Маханов, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл егістіктерге жыл сайын мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оның ішінде тыңайтқышы бар, одан кейін егілген өнімді жинауға және егуге арналған мемлекеттен берілетін жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен. Ол қазіргі уақытта 281 теңгеден босатылып жатыр. 

Шілденің аптап ыстығында егістіктегі кішкентай ұшқынның өзі алапат өртке ұласуы мүмкін. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті рейдтік шараларды күшейтті. Құтқарушылар алқап басындағы техникалардың өртке қарсы дайындығын тексеріп, сақтық шараларын пысықтады. 

Рауан Ордабек, ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:

- Трактормен жүргенде, комбайнды жүргізген кезде міндетті түрде қастарыңызда су мен соқалар болсын. Себебі өрт орын алған жағдайда бірден минералды жолақ жұмыстарын жүргізіп, өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізіңіздер деп түсіндіріп жатырмын. Темекі тұқылын тастау алдында немесе шиша тастау алдында қоқысқа тастаңыздар. Сөнгеніне көз жеткізіп барып тастау керек. Себебі егістік алқап. Қаншама еңбек. Барлығы бірден жойылуы мүмкін. 

Биыл дәнді дақылдардың орташа түсімі гектарына 15-20 центнерден айналып жатыр. Жалпы өңір бойынша астық жинау науқаны тамыз айының соңына дейін созылады. Осы аралықта инспекторлар мен жауапты мамандар күшейтілген режимде жұмыс істемек. 

Авторы: Нұрсұлтан Мұхамеджан