Қазақстан Орта Азия елдері арасында көшбасшы атанды 

Қазақстан адам дамуы индексі бойынша Орта Азия елдері арасында көш басынан көрінді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2025 жылғы Адам дамуы туралы баяндамасына сәйкес еліміз 193 мемлекет пен аумақтар арасында 60-орынға тұрақтады. Бұл – ТМД және Орталық Азия елдері арасындағы ең үздік нәтиже. Индекс халықтың өмір сүру ұзақтығы, білім алу деңгейі және жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табысы негізінде есептеледі. Бұған сүйенсек, елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жасты құрап отыр. Ал сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс 31 мың долларға жуықтаған. Аталмыш рейтинг бойынша ТМД елдері арасында Қазақстаннан кейін Ресей 64-ші, Беларусь 65-ші, Армения 69-шы сатыға жайғасқан. Ал Орталық Азияда елімізден кейін Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері орналасқан. Соңғы 33 жылда Қазақстанның адам дамуы индексі 21 пайызға артқан.