Жастар жұмыспен қамтылып жатыр

Ақмола облысында жастар арасындағы жұмыссыздық шамамен 50%-ға қысқарды. Биыл жұмыспен қамту қызметтеріне 8 мыңға жуық жас жүгінген. Олардың жартысы екі қолға бір күрек тапты.

Мансап орталықтары жастарға қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп, сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеруге мүмкіндік береді.

Көкшетау қаласының тұрғыны Диас Сабыров алты ай бойы жұмыс таба алмаған. Қалалық мансап орталығы оған шаштараз мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқудан өтуді ұсынған. Үш айлық курсты аяқтаған соң жұмысқа орналасты.

Диас Сабыров, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Негізі курс өте ұнады. Өзім шаштараз болуды армандағанмын және де іздене бастадым. Жұмыспен қамту орталығына көп рахмет! Және де үйреткен адамдардың барлығына рахмет!

Аксана Смирнова университетті өткен жылы тәмамдаған. Жас маман ешқайда жұмысқа тұра алмаған. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында ол қаладағы балабақшалардың бірінде алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтады.

Аксана Смирнова, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Жұмыс тәжірибесі болмаса, әрине, жұмыс табу қиын. Сондықтан мансап орталығына жүгіндім. Олар маған осы балабақшадан жұмыс табуға көмектесті. Мұнда маған өте ұнайды. Балаларды жақсы көремін. Жастар тәжірибесін аяқтағаннан кейін осында қалдым.

Елена Татаринцева, балабақша меңгерушісі:

- Біз мансап орталығымен жастар тәжірибесі, алғашқы еңбек орны, әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламалары бойынша бірлесіп жұмыс істейміз. Қазіргі таңда екі қызметкер осы бағдарламалар арқылы жұмысқа қабылданды. Оның біреуі бір жылдық "Жастар тәжірибесі" бағдарламасын аяқтаған соң ресми түрде тұрақты жұмысқа орналасты.

Өңірде жастарды еңбекпен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар арқылы 3 мың 880 адам жұмысқа орналасты.

Ерлан Мұхамедин, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1%-ды құрайды. Бұл -республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Біз ең алдымен жастарды жұмысқа орналастыруға күш саламыз. Егер қажетті дағдылары жеткіліксіз болса, қысқа мерзімді оқыту арқылы оларды даярлауға дайынбыз. Бұл ретте Ақмола облысындағы барлық колледждер қолдау көрсетеді. Сондай-ақ кәсіпорындармен келісімшарт жасап, өндіріс орындарында да оқыту мүмкіндігін ұсынамыз.

Биыл өңірде 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін жергілікті билік кемінде тағы 15 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Арайлым Шытырымбек, Виктор Полянный