Жаңа туған сәбилердің күтімі жақсарды

Батыс Қазақстан облысында сәби өлімі 27 пайызға азайды. Дәрігерлер бұл жүктілік кезіндегі ерте диагностика мен перинаталдық қызметті жаңғырту жұмыстарының жемісі дейді.

Биыл өңірдегі медицина мекемелерін заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыруға 25 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалады. Нәресте өмірін сақтауда жаңа технологияның маңызы қандай? 

Жыл басынан бері облыстық перинаталдық орталықта 1939 бала өмір есігін ашты. Оның барлығы анасымен бірге дін аман үйге шығарылды. Дәрігерлер жаңа медициналық жабдықтар жаңа туған сәби мен оның анасына тиісті деңгейде көмек көрсетуге мүмкіндік беретінін айтады. Яғни, сәбидің дені сау болып туылуы үшін ананың құрсағында жатқан шақтан қамқорлық жасайды. Жүктілік кезінде ықтимал қауіптерді байқап, қажетті шараларды уақытында қабылдайды.

Әлия Тасқалиева, УДЗ дәрігері:

- Бұл аппарат арнайы акушерлік бағдарламаға қосылған. Мұнда біз негізінен жүктілік қаупі жоғары әйелдерді тексереміз. Құрылғы диагностика кезінде құрсақтағы шарананың денсаулығындағы ақауды анықтайды. Қазір әсіресе жүрек аурулары көп.

Ультрадыбыстық зерттеуден кейін болашақ аналар қажет болған жағдайда тағы бір маңызды тексеруден өтеді. Ол - биохимиялық скрининг. Бұл - жүктіліктің ерте кезеңінде ықтимал генетикалық бұзылуларды анықтауға көмектеседі. Жаңа құралдар бұл процесті айтарлықтай жылдамдатты. Дегенмен, заманауи техниканың өзі анықтай алмайтын жағдайлар кездеседі. Мәселен, айы-күні жақындаған Орал тұрғыны Дана Жаймановаға дәрігерлер шұғыл кесір тілігін жасауға мәжбүр болған.  Дер кезінде жасалған отаның арқасында салмағы небары 990 грамм қыз бала өмірге келді.

Дана Жайманова, қала тұрғыны:

- Бұрыннан қан қысымым жоғары. Соған байланысты осы жүктілігімде қан қысымым өте қатты көтеріліп, сәбиімді ерте дүниеге әкелуіме тура келді. 29 апта 5 күнде қызымды кесір тілігі арқылы дүниеге әкелдік. Жалпы осы орталықта 27-сәуірден бастап ем алып жатырмын.

Балжан Ескендір, дәрігер:

- Туған кездегі салмағы 990 грамм. Жағдайы ауыр болғандықтан бала  қарқынды ем алу үшін Нәрестелер реанимация бөлімшесіне аударылды. 17-ші күні реанимация бөлімшесінен Потология бөлімшесіне ауыстырылды. Қазір толық ем қабылдап жатыр. Баланың қазір салмағы - 1820 грамм.

Денсаулығында кінараты бар сәбилер бірден жан сақтау бөліміне жатқызылады. Қазір мұнда алты нәресте ем қабылдауда. Олардың демалысы мен жүрек қағысын, қандағы оттегі мөлшерін арнайы аппараттар бақылайды. Заманауи жабдықтар салмағы бес жүз граммнан сәл асатын сәбилердің өзін қатарға қосуға көмектеседі.

Бақтыгүл Сүлейменова, Жансақтау және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі:

- Барлық өмірлік маңызы бар органдардың жұмысына мониторинг жүргізіледі. Өте ыңғайлы. Яғни, біз бір құрылғыны қосып барлығын бақылай аламыз. Механикалық желдету аппараты да ыңғайлы. Яғни, біз баланы басқа құрылғыларға ауыстырмаймыз, тек жұмыс режимін өзгертеміз.

Соңғы екі жылда Оралдағы перинаталдық қызметтін жабдықтауға 2 миллиард теңге жұмсалды. Бұдан бөлек аудандық ауруханалар да заманауи құралдармен қамтылуда.  Үш жылдың ішінде өңірдің медициналық мекемелері жалпы сомасы 13 млрд теңгеге мыңнан астам жаңа техника алды.

Айнаш Ғұбайдуллина,  Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Соңғы 5 жылда ана өлімінің 70  пайызға төмен түскендігі және биыл нәресте өлімінің 27,38 пайызға дейінгі төмендеу үрдісі байқалды. Бірінші айтып өтетін жағдай, осы қалай төмендету бойынша мүмкіндік болды дегенде Акушерлік-гинекологиялық стандартқа сай бүгінгі күнде барлық жүкті әйелдер 10 аптаға дейін ерте есепке алынады.

Өңірде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту биыл да жалғасады. Жер қойнауын пайдаланушы компания есебінен 25 млрд теңгеден астам қаржыға заманауи медициналық жабдықтар сатып алынады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Альбина Кумаргалиева, Болат Жарылгасов, Эльдар Аюпов