Ұстаздар жаңа оқу жылындағы өзгерістерді талқылады
Елордада негізгі және жалпы орта білім беру педагогтерінің республикалық жазғы сессиясы өтті.
Іс-шараға 20 өңірден 300-ге жуық мұғалім қатысты. Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылындағы негізгі міндеттер мен басым бағыттарға тоқталып, жаңа бастамаларды сапалы іске асырудың маңызын атап өтті. Жазғы сессияда осы өзгерістер талқыланып, оларды тәжірибеге енгізу қарастырылды. Жаңа оқу жылынан бастап 5-7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарда «Заң және тәртіп», ал 5-11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курстары енгізіледі. Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Жаңа Конституция талаптарына сәйкес жаңартылып, білім алушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталады. Сондай-ақ ұстаздарға арналған воркшоптар өтті.
Нұржігіт Аманов, қазақ тілі пәні мұғалімі:
- Үлгілі оқу бағдарламасының тағы бір ерекшелігі – оқушылардың шығармашылық жұмысын дамытуға баса назар аударылған. Қазақ тілінде диктант енгізілген, әдебиетте шығарма, өлең құрау, эсссе жазу деген сияқты шығармашылық жұмыстарды түрлі бағытта оқушылардың ыңғайына қарай, жеңілдетіп берілген. Алдыңғы күрделі тапсырмаларды оқушы тез орындайтындай, тез түсінікті болатындай етіп ыңғайлап берілген.
Одан бөлек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздармен ашық диалог өткізді. Мұғалімдер жаңа оқу жылындағы өзгерістерге, оқу процесін ұйымдастыруға, бағалау жүйесіне, цифрлық шешімдерді қолдануға қатысты сауалдарын қойды. Ведомства басшысы көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірме беріп, ұсыныс-пікірлер ескерілетінін айтты. Іс-шара соңында министр республикалық жазғы сессияға қатысқан педагогтерге сертификаттар табыстады.