Астанада Phygital қозғалысына арналған саммит өтті

2027 жылы Қазақстан киберспорттан әлем чемпионатын өткізеді.

Бұл жайлы спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов «Болашақ ойындарының» саммитінде хабарлады. Астанадағы алқалы жиында 200 елдің спорт басшылары бас қосып, фиджитал қозғалысын одан әрі дамыту жолдарын талқылады.

Астанада дәстүрлі спорт пен киберспорттың аралас форматындағы жарыс басталды.  Көпшілікке таңсық саналатын халықаралық фиджитал турнирі биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Ресей және Біріккен Араб әмірліктерінен кейін Қазақстан «Болашақ ойындарын» өткізу құқығы ие болған үшінші мемлекет. Ендігіде фиджитал қозғалысын одан әрі дамыту үшін не істемек керек? Әлемнің түрлі елінен спорт басшылары саммитте осы мәселені қаузады. Бәрінің түпкі ойы бір: фиджитал форматын кеңірек дәріптеу – заман талабы.

Адхам Икрамов, Өзбекстан Республикасының спорт министрі:

- Бүгін біз Әлем Эй-ай, жасанды интеллект орталығына келіп отырмыз.  Өзбекстан мен Қазақстан осы бағытқа бірге бет бұрып отырғаны рас. Мемлекет басшылары бүгінде жасанды интеллект технологияларына баса мән беріп отырғанының көрінісі осы болса керек. Жастар бүгінде гаджетсіз жүрмейді, өйткені олар жоғары технологиялар дәуірінде өмірге келгендер. Сондықтан ақпараттық технологиялар заманында фиджитал, киберспортты дамыту маңызды.

Серік Жарасбаев, ҚР Спорт және туризм вице-министрі:

- Саммитті Phygital International ұйымы ұйымдастырып жатыр. Олар қазіргі уақыттағы тәжірибемен бөлісіп, жастарды дәстүрлі спорт қана емес, сонымен қатар фиджитал спортқа, киберспортқа қалай баулу, және одан қандай пайда алуға мүмкін болатынын соның бәрін біздің халықаралық қонақтар бөлісіп жатыр.

Халықаралық фиджитал ұйымының басшысы Дэниел Мерклидің айтуынша, Астана «Болашақ ойындарына» жоғары дайындықтың үлгісін көрсетті. Бұл жай ғана спорттық мереке емес, оның экономикаға тигізер үлесі салмақты. Себебі бүгінде фиджитал қозғалысы әлемнің 115 елінде қарқын алған.

Дэниел Меркли, Phygital International  ұйымының бас атқарушы директоры:

- Бүгін түрлі елден келген спорт саласының басшылары түрлі ұсыныс айтып жатыр. Оның ішінде жастар арасында киберспорт арқылы дәстүрлі спортқа қызығушылықты арттырудың жолдарын бөлісті. Өйткені дене шынықтырудың құндылықтарын насихаттау үшін де бұл керек. Дәстүрлі спорт пен киберспорт туралы қатар қойып, фиджиталды насихаттауға ден қойғандарына өте қуаныштымын. Мақсатымыз ортақ - жастарға ағытталған және жастарға бейімделген жаңа спорт қозғалысын құру.

Келесі жылы Қазақстанда киберспорттан әлем чемпионаты өтеді. Дүниежүзілік біріншілік еліміздің жаһандық киберспорт жүйесіндегі орнын нығайтып, саланың одан әрі дамуына серпін бермек. Ал Халықаралық «Болашақ ойындары» турнирі бұл мақсатқа бір табан жақындата түсетіні анық.

Бақыт Топтаева, Медет Қуанышбеков